Аққулы ауданында аудандық аурухананың инженерлік желілері жаңартылуда

Аққулы ауданында аудандық аурухананың инженерлік желілері жаңартылуда
Фото: pexels.com / Pavel Danilyuk

Нысанның дайындық деңгейі аяқталуға жақын, жөндеуді бір ай ішінде аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары аясында Аққулы ауданына барып, аудандық аурухананың ішкі инженерлік желілерінің күрделі жөндеу барысымен танысты. Жобада су құбыры, кәріз жүйесі, жылыту және желдету жүйелерін жаңарту қарастырылған. Жұмыстар облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады, жалпы құны – 406,6 миллион теңге. Мердігер компанияның мәліметіне сәйкес, нысанның дайындық деңгейі 85%-ке жетті, жөндеуді 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда.

Облыс әкімі инженерлік инфрақұрылымды жаңарту туралы шешім 2023 жылы ғимаратты тексергеннен кейін қабылданғанын еске салды. Сол кезде жертөле апатты жағдайда болып, құбырлар тозған, көптеген ағып кетулер тіркелген.

– Бірінші кезекте ішкі коммуникацияларды жаңартамыз. Келесі кезеңде ғимараттың барлық бөлмелерін, едендерін ауыстыруды қамтитын жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейміз. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан үшінші қабатты келетін дәрігерлерге арналған тұрғын үйге айналдыру мүмкіндігі қарастырылуда, – деді Асайын Байханов.

Аурухананың бас дәрігері Қайрат Мурзалин жөндеуге қарамастан мекеме жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.

– Шұғыл науқастар қабылдау бөлімі арқылы, жоспарлы науқастар қалыпты тәртіппен қабылданады. Қазіргі уақытта 8 кереуеті бар бір жалпы бөлім ашылған. Аурухананың толық қуаты – 24 кереует: 10 терапевтік, 8 педиатрлық және әрқайсынан бір хирургиялық, босану және жүкті әйелдердің патологиясы бөлімі, – деді ол.

Мердігер «Промжилстройкомплекс» ЖШС директоры Виталий Овцынов нысанда өздерінің үш қазандығы орнатылғанын, барлық тексерулер өткізілгенін және көмір жеткізу келісімшарттары жасалғанын хабарлады.

Әкімнің айтуынша, инженерлік желілерді жөндеуден кейін келесі кезеңдегі реконструкция үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалады, қажетті қаражат бюджетке енгізіледі.

Еске сала кетейік, аудан бойынша әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындығы қарқынды жүргізілуде. Биыл 23 мектеп пен бір колледждің жылыту жүйесі жаңартылып, бес мектептің қазандықтары толық ауыстырылды. Мәдениет үйлеріндегі жеті қазандықтың алтауы жаңартылды, орталық аурухана қазандықтары да жаңартылған. Барлық жабдықтар тексерістен өтіп, қажетті көмір жеткізілді. Аудан әкімі Руслан Мұқанов барлық нысандар қысқы маусымға толық дайын болатынын хабарлады.

Сонымен қатар, Аққулы ауылындағы ауызсу жобасы толық тексерілді. Жобаның 90%-ы дайын, су тазарту станциясы 15 қыркүйекте жеткізіледі, кәріз жүйесіне монтаждау жұмыстары 10-15 күн ішінде аяқталады. Жоба қазан айында тестік режимде жұмыс істей бастайды.