Павлодар облысында қарттарға күтім көрсету қызметі кеңейтіледі
Асайын Байханов Sidelki.kz әлеуметтік жобасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов егде жастағы азаматтар мен олардың отбасыларын кешенді қолдауға бағытталған Sidelki.kz жобасының іске асырылу барысын бағамдады.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысына егде жастағы азаматтарды қолдаудың қолданыстағы жүйесі туралы баяндалды. Бұл жүйе әлеуметтендіру, күтім және сауықтыру бағдарламалары бар күндізгі болу қызметін қамтиды. Сондай-ақ мұнда үй жағдайында патронаждық сүйемелдеу ұйымдастырылған, оңалту және күтімге арналған техникалық құралдарды жалға беру және сату пункті жұмыс істейді. Кейіннен жұмысқа орналастырумен бірге күтушілерді даярлау жүргізіледі. Қолдау жүйесін цифрлық онлайн-платформа толықтырады.

20 жыл ішінде Sidelki.kz жобасы аясында 500-ден астам отбасына көмек көрсетілді. 80-нен астам жұмыс орны құрылып, күтім саласы бойынша 120-дан астам маман дайындалып, жұмысқа орналастырылды.
Павлодар облысы бойынша Қазақстанның әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының өкілі, әлеуметтік кәсіпкер Әсем Кисенова жобаның дамуы өңірдің өзекті әлеуметтік мәселелеріне жауап ретінде пайда болғанын айтты.

- Үнемі күтім мен қолдауға мұқтаж қарт адамдар саны артып келеді. Ал негізгі жүктеме көбінесе отбасыларға түседі. Сондықтан қарт азаматтар мен олардың туыстарын қолдайтын кешенді экожүйе құру қажеттілігі туындады, - деді ол.
Облыс әкімі егде жастағы азаматтарға ұзақ мерзімді күтім жүйесін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
- Sidelki.kz жобасы - қоғамның нақты сұраныстарын шешуге көмектесетін тиімді әлеуметтік кәсіпкерліктің үлгісі. Жобаның сұранысқа ие қызмет түрін көрсетіп, жұмыс орындарын ашып, мамандар даярлап жатқаны маңызды. Мұндай бастамаларды қолдау қажет, - деді Асайын Байханов.
Сапар соңында өңір басшысы әлеуметтік жобаларды қолдаудың қосымша шараларын пысықтауды, соның ішінде жеңілдетілген шарттармен үй-жайлар ұсынуды және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға бизнестің қатысуын кеңейтуді тапсырды.