Павлодар облысында заңсыз өсірілген қарасораға қарсы акция басталды

Павлодар облысында заңсыз өсірілген қарасораға қарсы акция басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шара төрт айға жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы құрамында есірткі заттары бар өсімдіктердің өсетін орындарын анықтауға бағытталған. Ол 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізіледі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері өздігінен өсіп шыққан көкнәр мен қарасораны анықтап қана қоймай, оларды заңсыз өсіру фактілерінің жолын кесуде.

— Құрамында есірткі компоненттері бар өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын білу маңызды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабына сәйкес, әртүрлі ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - делінген хабарламада.

Өздеріне тиесілі аумақта өздігінен өскен есірткі құрамдас өсімдіктерді жоюға қатысудан бас тартқан және ішкі істер органдарының бірнеше рет берілген нұсқамаларын орындамаған жеке тұлғаларға, кәсіпорындар мен ұйымдарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 420-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Полиция азаматтарды есірткі құрамды өсімдіктер өсетін орындар туралы, сондай-ақ оларды заңсыз өсіру фактілері жөнінде 8 (7182) 39-10-38 немесе 102 телефондарына хабарлауға шақырады. Сонымен қатар «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалануға болады.

Хабарлаған тұлғаның анонимдігіне кепілдік беріледі.