Павлодар облысында аяғы ауыр оқушы үшін сөгіс алған мұғалімдердің жазасы алынды

Павлодар облысында аяғы ауыр оқушы үшін сөгіс алған мұғалімдердің жазасы алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ҚР Оқу-ағарту министрлігі аталған жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

21 қараша күні Павлодар облысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмаған оқушының жүктілігі туралы ақпарат таралды. Қыздың дене бітімі мен мінез-құлқындағы өзгерістерді бірінші болып мектеп мұғалімдері байқаған. Дереу кәмелетке толмаған баланың анасы хабардар етілген. 

Бақылауды әлсіреткені үшін мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және сынып жетекшісіне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылған болатын. Алайда бүгінде аталған шаралардың күші жойылды. 

– Білім беру ұйымының қызметкерлеріне заңсыз қолданылған тәртіптік жазалар алынып тасталды. Комитет аталған мәселені бақылауда ұстап отыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінде. 

Зардап шегуші үйде қашықтықтан оқуда, оған педагог-психолог пен мектеп тарапынан көмек көрсетіледі. 

Облыстық полиция департаменті ҚР ҚҚ-нің 120-бабы 4-бөлігі (Зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті – өгей әкесі ұсталып, қамауға алынды.