Павлодар облысында дәнді дақылдардың 70%-ы жиналды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдің басты астықты өлкесі – Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Биыл өңірде 1,548 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, деді облыс әкімі Асайын Байханов.
- Дәнді дақылдардың 70 пайызы жиналды. Қалған 30 пайызын 10 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, облыста егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін дәнді дақылдар 900 мың гектарға дейінгі аумақты алып келсе, биыл бұл көрсеткіш шамамен 700 мың гектарды құрады. Ал майлы дақылдар алқабы 600-650 мың гектарға дейін ұлғайды.

Ертіс ауданында егін жинау жұмыстарына 169 комбайн және астық тасымалдауға 156 техника жұмылдырылған. 27 тамыздағы жағдай бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 73,8 мың гектарда, яғни 38,7% алқапта жиналды. Жалпы 61,7 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 8,4 центнерді құрады.
Өңір басшысы барған Қоскөл ауылдық округіндегі «Мендеш» шаруа қожалығында егіннің шамамен 70 пайызы жиналған. Орташа өнімділік гектарына 18 центнерді құрайды. Шаруашылықта жаңа астық тазалайтын қондырғылар іске қосылып, жұмыстардың басым бөлігі автоматтандырылған. Күніне 100-200 тонна астық тазаланады.
Ауданда мал азығын дайындау жұмыстарының 85 пайызы орындалып, 66 мың тонна ірі азық әзірленді. 2026 жылы Ертіс ауданында аграршыларға жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгеге 48 несие берілді. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» арқылы бес миллиард теңгеге 68 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.