«Баянауыл-Арена» кешені Баянауыл жастарының даярлық орталығына айналмақ

«Баянауыл-Арена» кешені Баянауыл жастарының даярлық орталығына айналмақ
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жұмыс сапары аясында жаңадан салынған спорт кешенінің маңыздылығын бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Туризм жəне спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023-2025 жылдар аралығында бой көтерген бұл алып нысан Павлодар өңіріндегі ең ірі әрі заманауи спорт кешендерінің қатарын толықтырды.

Серік Жарасбаев кешендегі барлық арнайы жабдықталған залдар мен қазіргі талаптарға сай жаттығу алаңдарын мұқият аралап көрді. «Баянауыл-Арена» бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға бағытталған, түрлі спорт түрлерін қамтуға мүмкіндік береді. Оның ішінде волейбол, баскетбол, қазақ күресі, еркін, грек-рим, белбеу күресі, дзюдо, бокс, үстел теннисі, садақ атуға арналған алаңдар, тоғызқұмалақ бөлмесі, тіпті 25 метрлік бассейн мен 244 орындық трибунасы бар футбол алаңы және веложол бар.

Бұл кешен 300-ден астам спортшыны қабылдауға және білікті жаттықтырушыларды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бере отырып, аудан жастары үшін үлкен даярлық орталығына айналмақ.

Министрлікте атап өткендей, биылғы жылы облыста алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта тағы сегіз нысанның құрылысы жалғасуда. Бұл жұмыстар Дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асып, 2029 жылға қарай Қазақстан халқының спорт инфрақұрылымымен қамтылу көрсеткішін 65 пайызға жеткізу мақсатын көздейді. 

Айта кетерлігі, қазіргі таңда республика бойынша 25 760 спорттық нысан жұмыс істеп тұр және бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 55,1 пайызды құрайды.