Павлодар облысында экологиялық мақсатта алты миллиардтан аса текше метр су жіберілді

Су жіберу жұмыстары жыл сайын экожүйелер мен биологиялық алуан түрлілікті сақтау үшін жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы арқылы ағатын Ертіс өзеніне биыл Шүлбі су қоймасынан экологиялық мақсатта 6,32 миллиард текше метр су жіберілді.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ертіс бассейндік инспекциясының 2025 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысы барысында мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, судың экологиялық мақсатта жіберілуі нәтижесінде Павлодар облысында шамамен 305 мың гектар жер суарылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27,5 мың гектарға артық.
– Экологиялық мақсатта су жіберу жұмыстары жыл сайын экожүйелер мен биологиялық алуан түрлілікті сақтау, сондай-ақ су нысандарын ластанудан және таусылудан қорғау мақсатында жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, су жіберу арқылы шалғындықтар мен табиғи жайылымдар суарылады. Бұл мал шаруашылығының жем-шөп қорын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етеді, – деді Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.
Биыл инспекция мамандары су заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында 58 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 52 әкімшілік айыппұл салған. Оның жалпы сомасы 25 миллион теңгені құрады.
Сонымен қатар, 2025-2027 жылдарға арналған өзендер мен көлдерді санациялау жөніндегі жол картасы аясында Абай облысындағы ұзындығы 15 шақырым болатын Кіндікті және Көкпекті өзендерінің учаскелерін тазарту жұмыстары аяқталды.