Ертіс өңірінде суармалы жерлердің басым бөлігі Павлодар ауданына тиесілі

Ертіс өңірінде суармалы жерлердің басым бөлігі Павлодар ауданына тиесілі
Фото: Константин Шелков

Өңірде 161 мың гектар суармалы жер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті. 

– Суармалы жер көлемі бойынша Павлодар ауданы көш бастайды.  Көкөніс пен жемістердің басым бөлігі осы ауданда өсірілуде. Бұдан кейін суармалы жерлердің көлемі бойынша Ақтоғай, Тереңкөл, Железин аудандары және Ақсу қалалық аумағы тұр, – дейді Мұрат Хамитов. 

Спикер биылғы жылы құрғақшылық салдарынан егін алқаптары зардап шеккен аудандарды атап өтті. 

– Мамыр айынан бері осы мәселе төңірегінде жұмыс істеп келеміз.  Аудандарды аралап, егіндерді бақыладық. Әсіресе облысымыздың екі ауданы құрғақшылықтан қатты тиді. Бұл егіс алқаптары Май  және Аққулы аудандарына тиесілі, – дейді Мұрат Хамитов. 

Айта кету керек, аталмыш аудандарда су деңгейі тек 15 пайызға көбейсе, Павлодар ауданында 35 пайызға, ал Железин мен Ақтоғай аудандарында 60 пайызға дейін көтерілген.

Еске сала кетейік, Май ауданына шөп жағынан Аққулы көмектеседі.