Павлодарда 20-ға жуық тұрғын үй жарықтандырылады

Павлодарда 20-ға жуық тұрғын үй жарықтандырылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шаһарда туристік тартымдылықты арттыру және сәулеттік келбетті жақсарту мақсатында тұрғын үйлердің қасбеттеріне иллюминациялық жарық орнатылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мақпал Қаржаубай мәлім етті.

– Қала келбетін көріктендіру және тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында бірқатар көпқабатты үйлердің қасбеттеріне түрлі жарық эффектілері бар иллюминациялық шамдар орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады, – деді ол.

Мақпал Қаржаубайдың айтуынша, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бекіткен мекенжайлар қатарында Назарбаев даңғылы, 50 және 52, академик Шөкин көшесі, 100, Амангелді көшесі, 50/1, Баян батыр көшесі, 8, 9 және 10, сондай-ақ Олжабай батыр көшесі, 7/1 мекенжайындағы үйлер бар.

Электр энергиясымен жабдықтау жөніндегі келісімшарт «ПРЭК» АҚ-пен жасалғаннан кейін жарық шамдарын қосу жұмыстары басталады.

– Барлық жұмыстарды 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деп нақтылады әкімдік өкілі.

Биыл сондай-ақ Назарбаев даңғылының 32, 34, 42, 44, 46, 46/1, 89, 89/2 нөмірлі үйлері мен Толстой көшесі, 84 және Естай көшесі, 83/1 мекенжайларындағы ғимараттардың қасбеттері де жарықтандырылмақ.