Павлодар облысы болашақ гидрологтар үшін ашық аспан астындағы зертханаға айналды

Павлодар облысы болашақ гидрологтар үшін ашық аспан астындағы зертханаға айналды
Фото: Манира Алагуджаева

ЕҰУ гидрология мамандығының студенттері өңірде өндірістік және далалық оқу тәжірибесінен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Гидрология» білім беру бағдарламасының екінші курс студенттері Павлодар облысында 10 күндік оқу тәжірибесін сәтті аяқтады. Тәжірибенің басты мақсаты  студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, су шаруашылығы нысандарының, өндірістік кәсіпорындардың және табиғи су айдындарының жұмысымен жан-жақты таныстыру болды.

Оқу тәжірибесі барысында болашақ гидрологтар өңірдегі ірі су пайдаланушылардың қызметін зерделеді. Студенттер Қазақстан Алюминийі АҚ-да, Павлодар өзен портында және «ҚазСуШар» РМК Павлодар филиалында болып, өндірістік кәсіпорындардың су тұтыну ерекшеліктерімен, сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысымен және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерімен танысты.

Тәжірибе аясында «ҚазСуШар» мамандары студенттерге су шаруашылығы нысандарының жұмысын таныстыру бойынша арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Болашақ мамандар жаңбырлатып суару машиналарымен жабдықталған егістік алқаптарды, сорғы станцияларын, су тазарту нысандарын, топтық су құбырларын және лимандық суару жүйелерін аралады. Олар суды жеткізу мен бөлудің толық циклін көріп, гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және су шаруашылығы жүйелерін басқарудың негізгі қағидаттарын меңгерді.

Сонымен қатар студенттер филиалдың Шідерті өзенінің жайылмасына табиғат қорғау мақсатында су жіберу жұмыстарымен, «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ-на канал арқылы су жеткізу жүйесімен, магистральдық құбыр желілері арқылы су беру үдерісімен танысты. Сондай-ақ су тұтыну нормаларын есептеу әдістемесін меңгеріп, үлестік нормаларды келісу тәртібі мен арнайы су пайдалану рұқсатын алу рәсімдерін зерделеді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің гидрология мамандығының оқытушысы, PhD Манира Алагуджаеваның айтуынша, тәжірибенің маңызды кезеңдерінің бірі Май ауданындағы Майтүбек тұрақты суару өндірістік учаскесіне сапар болды. Мұнда студенттер суару үшін су беру жүйесінің жұмысымен, қалқымалы сорғы станциясының қызметімен, құбыр желілері арқылы су жеткізу технологияларымен танысты. Сондай-ақ АКРОН-01 ультрадыбыстық су есептеу құрылғысының құрылымы мен жұмыс істеу қағидаттарын зерттеп, жаңбырлатып суару машиналарының тиімділігін бағалады.

Болашақ гидрологтар Май топтық су құбыры нысанында болып, Май ауданының 15 ауылдық елді мекеніндегі 10 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесінің жұмысын көрді. Студенттер ұңғымалардан су алу, суды тазарту, сақтау және тұтынушыларға жеткізу үдерістерімен, сондай-ақ су ресурстарын есепке алу және бақылау механизмдерімен танысты.

Далалық зерттеулер аясында студенттер екі гидрологиялық бекетте болып, су деңгейін өлшеу, су шығынын анықтау және су нысандарының гидрологиялық режимін бақылау әдістерін тәжірибе жүзінде меңгерді.

– Тәжірибенің табиғаттану бағыты бойынша студенттер Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдерінде болды. Олар көлдердің гидрологиялық және экологиялық ерекшеліктерін зерттеп, жағалау аймақтарының жағдайын және рекреациялық жүктеменің су экожүйелеріне әсерін бағалады, – дейді Манира Алагуджаева.

Бағдарламаның ерекше бөлігі ретінде студенттер Маралды көліне де барды. Көптеген жер асты бұлақтарымен қоректенетін бұл бірегей тұзды көл өзінің гидрологиялық және гидрохимиялық ерекшеліктерімен ғылыми тұрғыдан үлкен қызығушылық тудырады. Студенттер көлдің қоректену көздерін, су режимінің ерекшеліктерін және табиғи процестердің көл экожүйесіне ықпалын зерттеді.

– Оқу тәжірибесі студенттерге аудиторияда алған теориялық білімдерін нақты өндірістік және табиғи жағдайларда бекітуге мүмкіндік береді. Су шаруашылығы нысандарының жұмысын өз көздерімен көріп, гидрологиялық бақылау әдістерін тәжірибе жүзінде қолдану олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етеді, – деді оқытушы. 

Тәжірибе қорытындысы бойынша студенттер су шаруашылығы саласының заманауи технологиялары туралы білімдерін кеңейтіп, сумен жабдықтау және суару жүйелерінің жұмыс қағидаттарын терең меңгерді. Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды пайдалану, су ресурстарын басқару және гидрологиялық бақылау жүргізу бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді. 

Тәжірибе қорытындысы бойынша студенттер мен тәжірибе жетекшілері болашақ су шаруашылығы мамандарын даярлауға көрсеткен қолдауы және мазмұнды оқу тәжірибесі бағдарламасын ұйымдастыруға ықпал еткен ұйымдарға алғыстарын білдірді. 

Айта кетерлігі, биылғы түлектердің ерекшелігі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде гидрология мамандығының дербес білім беру бағдарламасы енді жүзеге асырылмайтындығында. Осыған байланысты қазіргі студенттер университеттің соңғы гидролог түлектері болуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда гидролог мамандарын даярлау санаулы ғана жоғары оқу орындарында жүргізіледі, ал бұл бағытқа бөлінетін білім гранттарының саны гидротехникалық мамандықтарға бөлінетін гранттардан едәуір аз. Қазіргі уақытта гидрологтарды даярлау Қазақстандағы шектеулі жоғары оқу орындарында, негізінен Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылады. Мамандар гидрологтарды даярлаудың бір қалада шоғырлануы еліміздің басқа өңірлеріндегі кадр тапшылығын одан әрі күшейтуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіруде.