Павлодар облысында екі мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды

Павлодар облысында екі мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Қауіпсіз жол» рейді басталғалы елуден астам мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ең көп тіркелген құқық бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау. Осыған байланысты 684 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Тағы 261 адам көлік тізгінінде ұялы телефон пайдаланған.

Сондай-ақ техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралын басқарған 163 жүргізуші анықталды. Бұдан бөлек, полицейлер 56 мас жүргізушіні ұстады.

Рейд барысында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз жүрген 62 көлік жол қозғалысынан шеттетілді. Заңсыз қайта жабдықталған 84 автокөліктің пайдаланылуына тосқауыл қойылып, қарсы бағытқа шыққан 21 жүргізуші жауапқа тартылды.

Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын сақтауға, мас күйінде көлік басқармауға, рөлде телефон қолданбауға және қауіпсіздік белдігін тағуға шақырды.

Айта кетейік, «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы облыс аумағында 19 шілдеге дейін жалғасады.