Май ауданына қарасты Баскөл ауылында мәдениет ошағы жаңарды

Мәдениет үйінде LED экран орнатылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ғимарат 1978 жылы салынған. Бұған дейін 2011 жылы 15 миллион теңгеге жөнделген болатын. Ал биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 254 миллион теңгеге қайта жаңғыртылды. Жөндеу жұмыстарын «Ер Алаш» ЖШС жүзеге асырды. Ғимараттың аумағы - 900 шаршы метр.
– Жөндеу жұмыстары кезінде 159 орындық залы ретке келтірілді.Аулаға кеспе тас төселіп самалжай мен орындықтар орнатылды,–деді мәдениет үйінің әдіскері Назым Ешімова.
Оның айтуынша, мекемеде қазір бір әдіскер, хореограф-жетекші, екі техникалық қызметкер және үш күзетшіден тұратын шағын ұжым еңбек етеді. Жылына 45-50 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 4200-ден астам көрермен қамтылады.
Мәдениет үйінде түрлі үйірмелер жұмыс істейді. 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар вокал үйірмесіне қатысып, өнерін шыңдаса, әжелер клубы қолөнер бұйымдарын жасап, көрмелер өткізеді. Жастар кешкі уақытта үстел теннисін ойнап, би үйірмесіне қатысады.
– Қазір би үйірмесінің екінші тобы құрылуда.Сондай-ақ сурет салуға қызығушылар да өз шығармашылығын дамытып жүр,–дейді Назым Ешімова.
Сонымен қатар, ғимарат ішінде кітапхана бар. Балалар кітап оқып, сурет салып, электронды ресурстарды қолдана алады. Үлкендер газет-журнал мен кітаптарға қол жеткізеді. Сондай-ақ, LED-экран орнатылып, ауыл тұрғындары үшін кино және балаларға мультфильмдер көрсетіледі.
Қазіргі таңда мәдениет үйі бос тұрған жоқ. Ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастарға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беріп отыр. Арнайы мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған.