Павлодарда көші-қон заңнамасын бұзу деректері анықталды
Дегенмен заңбұзушылықтар азайған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, подполковник Александр Кузьменконың хабарлауынша, өңірдегі бақылау мен құқықтық тәртіпті күшейту шаралары миграциялық жағдайдың тұрақтануына ықпал еткен.
Көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін берді. Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 2290 адам тартылған. Сонымен бірге, шетел азаматтарының болу тәртібін бұзу фактілері 789-дан 577-ге дейін азайған. Соттарға жолданған материалдар саны да өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Бұл шетел азаматтарының құқықтық мәдениетінің артқанын көрсетеді.
Биыл заңсыз көші-қонға қарсы күрес барысында да маңызды нәтижелер тіркелді. Көші-қон қызметі мен криминалдық полиция қызметкерлері бірлесіп заңсыз миграция арналарын ұйымдастырудың екі фактісін анықтаған. Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды.
– Бұрын бізде мұндай үрдіс байқалмаған болатын. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатқандықтан, толық ақпаратты жариялай алмаймыз. Дегенмен бұл істерге полиция қызметкерлері де, шекара қызметінің қызметкерлері де қатысы жоқ екенін атап өткім келеді, – деді подполковник.
Сонымен қатар, өңірде шетел азаматтарының қатысуымен жасалған қылмыстар саны азайған. Жыл басында мұндай 10 қылмыс тіркелсе, өткен жылдың сәйкес кезеңінде олардың саны 15 болған. Шетел азаматтарына қатысты жасалған қылмыстар саны да төмендеп, жәбірленушілер саны 27-ден 18 адамға дейін қысқарған.
Жалпы алғанда, өңірде көші-қон саласындағы бақылау күшейіп, құқық бұзушылықтардың азаюы мен құқықтық мәдениеттің артуы байқалады. Құзырлы органдар алдағы уақытта да заңсыз көші-қонның алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда көші-қон заңнамасын бұзған жасөспірімнің ісі сотта қаралып, оның кәмелетке толмағанын және мән-жайларды ескере отырып, жауапкершіліктен босатылғаны туралы хабарланған болатын.