Павлодар облысында екі әйел үй тирандарынан көз жұмды

Павлодар облысында екі әйел үй тирандарынан көз жұмды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үйде жанжал шығару жағдайлары облыс қалаларында көп кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мустафинов мәлім етті. 

– Себебі, халық саны көп. Аудандарда адамдар байсалды, салмақты болып келеді. Десе де Железин және Тереңкөл аудандарында тұрмыстық жанжалдар көбірек тіркеледі, – деді Қуаныш Мустафинов.

Оның сөзінше, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылықтан екі әйел қайтыс болған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жәбірленушілер түрлі жағдайлар бойынша арыздарынан бас тартып жатады. 

– Полицейлер келгенде олар агрессорды тыныштандырады. Одан кейін психологиялық тұрғыдан жәбірленуші оны  қамауға алып кеткенін қаламайды, – деп түсіндірді спикер. 

Басқарма бастығының айтуынша, ертеңгі күні ол адамның жұмысында қиыншылықтар туады деп алаңдайды, яғни салдарын ойлай бастайды.