Солнечный кентіндегі жағажай екіге бөлінді
Азаматтардың қауіпсіздігін екі жауапты тұлға қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті.
Екібастұз өңірі Солнечный кентіндегі бастапқыда жеке меншік болған, яғни адамдар шомылу үшін ақша төлеген жағажай қазір екіге бөлінген.
– Жергілікті атқарушы органдардың қарауы бойынша жағажай екіге бөлінді. Жағажайдың бір жартысы жеке меншік, екінші жартысы коммуналдық болып табылады. Бұл ретте, екі жауапты тұлға жағажайды абаттандырады және тиісінше азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді Темірлан Жапалбай.
Қазіргі таңда жеке меншік жағажайда зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бірнеше күн бұрын шомылу маусымының ашылуы болды. Коммуналдық жағажай да зерттелген, бірақ әлі толық жабдықталмаған. Дайындық жұмыстары әлі де жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында барлығы 47 жағажай бар, оның ішінде 27-сі – коммуналдық, 20-сы – жеке жағажай. Биыл коммуналдық жағажайлардың қауіпсіздігі мен абаттандырылуын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 122,3 миллион теңге қаражат қарастырылды. Өңірде шомылу маусымы 15 маусымда ресми түрде ашылды.