Павлодар облысында инватакси қалай қызмет етеді?

Павлодар облысында инватакси қалай қызмет етеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ерекше жандардың еркін қозғалысына мүмкіндік беретін қызмет жетілдірілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қоғамнан шет қалмай, қызмет пен білімге құштарлықтары басым арамызда қаншама мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың тек физикалық жағдайы ғана шектелгені болмаса, рухани тұрғыдан өре биігінен орын алған жандар. Десе де, олардың мүмкіндігін шектемей, діттеген жеріне емін-еркін жетуі үшін мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар да аз емес. Соның бірі – инватакси қызметі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Зоя Морозованың айтуынша, елімізде ерекше күтімді қажет ететін жандарға жайлы жағдай жасалуда. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау үшін инватакси қызметі бар. Мұндай көмекке қол жеткізу үшін міндетті түрде дәрігерлік–консультациялық комиссияның қорытындысы қажет болады. Сол арқылы ғана азаматтар инватакси қызметін қажет ететіндігін растай алады. 

Аталмыш арнайы көлікпен тасымалдау қызметі ең алдымен жұмыс істейтін, білім беру мекемелерінде оқитын, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері болып табылатын мүгедектігі бар адамдарға көрсетіледі. Яғни олардың жұмыс уақыты, сабақ кестесі ескеріледі, соған сәйкес инватакси жіберіледі. Ал өзге де мүгедектігі бар адамдар бұл көліктің көмегіне жүгіну үшін өтініш беруі тиіс. Сол бойынша қажетті қызмет ұсынылады. 

– Мүгедектігі бар азаматтар арнайы көліктерді нағыз қажеттілігіне ғана пайдалануға құқылы. Нақтырақ айтқанда, бұл бағыттағы қызмет Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің №859 бұйрығы бойынша бекітілген нысандар мен бару пункттерінің тізбесіне сәйкес көрсетіледі. Мәселен, мүгедектігі бар адамдар инватаксиді жұмыс орындарына, білім ордаларына, әкімдіктерге, құқық қорғау органдарына, әлеуметтік қызметтер көрсететін нысандарға, заңгерлік кеңес беру мекемелеріне, нотариустарға, медициналық ұйымдарға, әуежайларға, теміржол мен автовокзалдарға, теңіз және өзен порттарына баруы үшін ғана пайдалана алады, - дейді бөлім басшысы.  

Зоя Морозова мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру кезінде көлік санына қойылатын талаптар техникалық ерекшелікпен айқындалатынын атап өтті. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан инватакси қызметін Әлеуметтік қызметтер порталына көшіру жоспарлануда екен. 

Айтуынша, инватакси қызметін жеткізуші ретінде Әлеуметтік қызметтер порталына тіркеу үшін кемінде 10 автокөліктің болуы талап етіледі. Оның ішінде кемінде 1 көлік арнайы жабдықталған болуы тиіс. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға өтінімдер инватакси қызметінің диспетчері арқылы бір тәулік бұрын қабылданады.

– Жыл сайын мүгедектігі бар адамдардың инватакси қызметіне қажеттілігін айқындауға арналған жұмыстар жүргізіледі. Олардың сұранысына қарай, яғни дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындылары бойынша азаматтардан түскен өтініштер негізінде қалалардың әкімдіктері қосымша қаражат қарастырады. Мәселен, 2025 жылы инватакси қызметіне 3 қала бойынша 233,1 миллион теңге, ал 2026 жылы 235,6 миллион теңге бөлінді, - дейді ол.

Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда облысқа қарасты аудандарда инватакси қызметі көрсетілмейді. Бірақ аудан әкімдіктері мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметін көрсету үшін әлеуетті жеткізушілерді іздеу және тарту жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, 2022 жылы Май ауданында инватакси қызметі ұйымдастырылды.  Алайда мүгедектігі бар адамдар арасында ол көлікке сұраныс болмауына байланысты, қызмет көрсету ҚРтоқтатылған. 

Зоя Морозова Торайғыров университетінің студенттері инватакси қызметін жеткізушілерге арналған қосымша әзірленгенін тілге тиек етті. Айтуынша, жаңа жобаны құрастырушылар оны әрі қарай жетілдіріп, жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасау және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау бағытында бірлескен іс-шаралар жүргізілуде. Аталған қосымша Ақсу қаласының инватакси қызметін жеткізуші ұйымда апробациядан өткен. Алдағы уақытта жоба сәтті іске асуы үшін басқарма тарапынан оны әзірлеушілерге қолдау көрсетілетін болады.