Павлодарлықтар өрт сөндіруші мен құтқарушы болу үшін не істеу қажет?
Келем деушілер үшін бірқатар талаптар қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметі және авариялық құтқару жұмыстары №1 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Нұрлан Тұмайкенов хабарлады.
– 18 бен 35 жас аралығындағы ер азаматтар, денсаулығы сау, орта білімді ер азаматтарды қабылдаймыз. Болашақ қызметкерлер медициналық байқаудан өткеннен кейін физикалық нормативтер тапсырады: жүгіру, тартылу. Одан кейін комиссия «не үшін?» және «қандай мақсатпен өрт сөндіруші болғың келеді?» деген сұрақтар қояды, – деді Нұрлан Тұмайкенов.
Ал мысалы жедел құтқару жасағына қосылам дегендер бір-екі жылдан кейін жұмыстан шығып қалатын жағдайлар да болды.
–Жас қызметкер келген кезде онымен сұхбат жүргізіліп, бүкіл жұмыстың қыр-сыры айтылады. Одан кейін физикалық, психологиялық деңгейі тексеріледі. Үш айға сынақ мерзімі беріледі. Бұл мерзімде шыдай алмай кеткендер көп. Бір-екі жыл жұмыс істеп, жүктеменің салдарынан қызметтен кетіп жатқандар да бар, – деді жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов.
Ер азаматтардың отбасылық жағдайын қарап, құқықбұзушылық әрекеттердің жоқтығын тексереді.
– Бүгінде өрт сөндірушілер мен жүргізушілердің жалақысы көтерілді. Мысалы, жаңадан келгендер 180-200 мың теңгеден бастап жалақы алып отырады. Содан кейін еңбек өтіліміне байланысты үстеме ақы қосылып, санаттарға қарай пайыздық мөлшермен жалақысы өседі. Бұрын өрт сөндірушілер 100-110 мың теңге алатын, – деді спикер.
Оның сөзінше, №1 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінде жүргізушілер жетіспеушілігі байқалуда. Себебі, жүргізушілерде С категориясы болу керек, ал кейбір үміткерлерде ол жоқ болады. Ал өрт сөндіру құрамы бойынша ешқандай тапшылық байқалмайды.