Дауыс беру ашық әрі заңнама талаптарына сай өтті – «Ел Дауысы» байқаушылары
Қор сайлау күніндегі қоғамдық байқаудың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ел Дауысы» қоғамдық қорының мәліметінше, 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде Қазақстанның 20 қаласында 582 өкіл жұмыс істеді. Оның ішінде 457 сайлау учаскесі тұрақты байқаумен қамтылып, қалған өкілдер мобильді үйлестіруші қызметін атқарды.
Байқаушылар күні бойы дауыс беру рәсімдерінің сақталуын және жұмыс істеуге жасалған жағдайларды қадағалады. Учаскелер жабылғаннан кейін дауыстарды санау мен қорытынды хаттамаларды рәсімдеу процесін де бақылаған.
Қордың республикалық штабына ықтимал кемшіліктер мен даулы жағдайларға қатысты онға жуық хабарлама түскен. Алдын ала тексеру нәтижесінде олардың үшеуі расталды.
Расталған екі жағдай дауыс беру кабиналары орналасқан аумақтағы бейнебақылау камераларына қатысты болды. Байқаушылар ескерту жасағаннан кейін аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері камераларды жауып тастаған.
Үшінші жағдай Ақтөбедегі №25 сайлау учаскесінде тіркелді. Ол арбамен қозғалатын мүгедектігі бар азамат үшін учаскенің қолжетімділігіне қатысты болған.
Қор өкілдері анықталған кемшіліктерді елеусіз деп бағалады. Олардың мәліметінше, дауыс беру барысы мен нәтижесіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін заң бұзушылықтар тіркелмеген.
– Біз үшін байқаушыларымыз жұмыс істеген учаскелердегі жағдайдың объективті көрінісін алуы маңызды болды. Алдымызда тек заң бұзушылықтарды анықтаймыз деген міндет болған жоқ және олардың санын байқау сапасының көрсеткіші деп есептемейміз. Күні бойы штабқа 20 қаладан ауқымды ақпарат келіп түсті. Бүгін біз тек тексеріліп, расталған деректерді ғана жариялап отырмыз. Қалған материалдарды өңдеу жұмысы жалғасуда. Дегенмен қазірдің өзінде сайлаушылардың белсенді болғанын, дауыс берудің ашық әрі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткенін айтуға болады. Біздің ұстанымымыз өзгермейді: алдымен факті және оны тексеру, содан кейін ғана қорытынды, – деді «Ел Дауысы» ҚҚ жетекшісі Аида Джексенова.
Қорға 23 тамызда 20-дан астам жұмыс және үйлестіру чатынан сайлау учаскелеріндегі жағдай туралы хабарламалар, есептер, фото және бейнематериалдар мен құжаттар келіп түскен. Бұл деректерді өңдеу әлі жалғасып жатыр.
«Ел Дауысы» қоғамдық қоры электоралдық процестерге қоғамдық байқауды 2020 жылдан бері жүргізіп келеді. Биылғы сайлау қор үшін алтыншы байқау науқаны болды.