Павлодар облысында көктемде қандай құстарды аулауға болады?

Павлодар облысында көктемде қандай құстарды аулауға болады?
Фото: pixabay.com

Аңшылыққа тек 2 апта уақыт беріледі , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәлімдеуінше, өңірде аңшылық алқаптарда құстардың бірнеше түрін аулауға уақытша рұқсат беріліп отыр. Осылайша аңшылар екі апта ішінде саят құра алады.

— Ертіс-Баян өңіріндегі аңшылық жасауға болатын алқаптарда көктемгі аңшылыққа рұқсат беріледі. Заңнамада белгіленген талаптарды сақтай отырып, үйректер мен құрдың аталығына ғана мылтық кезеуге болады. Көктемгі аң аулау кезінде құстардың жыныстық белгілеріне ерекше назар аударуды сұраймыз. Аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген, — деп мәлімдеді инспекциядан.

Атап айтқанда, 18 сәуір — 2 мамыр аралығында Ақтоғай, Железин, Май, Баянауыл, Павлодар, Аққулы аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында, ал 25 сәуір — 9 мамыр аралығында Тереңкөл, Ертіс, Шарбақты, Успен аудандары аумағындағы аңшылық шаруашылықтарда мергендігін көрсетіп, үйректер мен құрдың аталығын аулауға болады.