Аққулы ауданының бес мектебінде ескірген жылыту қазандықтары ауыстырылды

Әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру саласында биыл 23 мектеп пен бір колледждің жылыту жүйесіне ерекше назар аударылған. Аққулы ауданының бес мектебінің қазандықтары толығымен ауыстырылды. Олардың қатарында Шоқтал және Қосағаш мектептерінде екі қазандық, сондай-ақ Абай және Ямышев орта мектептерінде қазандық жабдықтары жаңартылған. Барлық нысандарда манометрлер мен клапандар тексерістен өтті. Қажетті 7320 тонна көмірдің барлығы жеткізілген. Жеткізуші – Екібастұз қаласындағы ЖШС «ALAM GROUP» жеке кәсіпкерлігі.
Мәдениет саласында да жеті қазандықтың алтауы клубтарда ауыстырылды. Майқарағай, Мерғалым, Малыбай, Жабағылы және басқа да ауылдардағы мәдениет үйлерінде ескі пештердің орнына жаңалары орнатылды. Бұл нысандарға 1130 тонна көмір жеткізілді.
– Денсаулық сақтау саласында орталық ауруханадағы үш қазандық өткен жылы толық жаңартылған. Аудан орталығында үш орталықтандырылған қазандық бар. Биыл қосымша төрт жаңа қазандық сатып алынып, біреуі ауыстырылған. Барлық жабдықтар техникалық тексерістен өтті. Қысқы маусымда денсаулық сақтау нысандарына 3280 тонна көмір қажет, оны коммуналдық мекемелер өз күшімен жеткізеді, – деді Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов.
Облыс әкімі Асайын Байханов қазандықтардың техникалық жағдайына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Ол жеті жылдан артық пайдаланылған қазандықтардың қауіпсіздік тәуекелін ескеріп, дер кезінде жаңарту немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар жиында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған жол жөндеу жұмыстары талқыланды. Аудан бойынша төрт шақырым ауылішілік жолға және 31 шақырым аудандық маңызы бар жолға асфальт төселген. Бір учаскедегі жұмыс мердігердің кінәсінен кешігіп жатыр, мәселе сотта қаралуда.
Асайын Байхановтың Аққулы ауданына барған сапарының соңында әлеуметтік нысандардың дайындығын салалық бөлімдер басшыларына жеке барып тексеруді және қыркүйектің 10-на дейін барлық нысанды жылыту маусымына қосуға дайын болу үшін шараларды қабылдауды міндеттеді.