Павлодар облысында көршілерінің мазасын алған тұрғын жазаланды

Павлодар облысында көршілерінің мазасын алған тұрғын жазаланды

Ол өзінің көршілеріне деген ренішін солай білдіргісі келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға Май ауданы, Көктөбе ауылында болған.

- Май ауданының полиция қызметкерлері жыл басынан бері тыныштықты бұзғаны үшін 8 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тағы бір факт 23 тамызда орын алды.  Полицияға Көктөбе ауылының тұрғыны көршісінің агрессивті және түсініксіз мінез-құлқына арызданды. Ол түнгі сағат 2:30-да оның үйіне келіп, барлық терезелерді қағып, отбасының тыныштығы  бұзып, балағат сөздер айтқан, - делінген хабарламада.

Аталған мекен-жайға келген учаскелік инспектор ер адамның бұл мінез-құлқының себептерін анықтаған. Ол көршілеріне деген ұзақ мерзімді реніштерін есіне алып, өкпесін жеткізуге бел буған.

Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК - нің 437-бабы 1-бөлігі тыныштықты бұзу бойынша хаттама жасалды. Сонымен қатар, құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Жыл басынан бері Павлодар облысында халыққа сервистік қызмет көрсету мақсатында құқықтық тәртіп сақшылары тыныштықты бұзудың 3414 фактісінің жолын кесті.

Полицейлер аталған бап бойынша тыныштықты бұзған яғни жұмыс күндері сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден 10:00-ге дейін  5, 20, 30 тіпті 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделгенін еске салады.