Аспалы өткел мен от жағу: Баянауылда спортшылар бес сағаттық кросс-жорықтан өтті

Аспалы өткел мен от жағу: Баянауылда спортшылар бес сағаттық кросс-жорықтан өтті
Фото:Ольга Бугаева

Туристік слеттің екінші күнінде қатысушыларды ең қиын сынақтардың бірі күтіп тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жасыбайда үшкүндік туристік слеттің келесі сайысының бірі-бес сағаттық кросс-жорық болды. «Баянауыл» турбазасында бүкіл командалар жиналып, жабдықтарын дайындаған. Кросс-жорықтың мақсаты - 14 кезеңнен тұратын техникалық, теоретикалық тапсырмаларды бес сағаттың ішінде өтіп шығу. Яғни, әрбір топқа жердің картасы беріледі. Ол жерде тапсырмалар қайда орналасатыны белгіленген еді. Қатысушылар бағдарлап жүгіру арқылы сол жерге дейін жетіп, сынақтан сүрінбей өтуге міндетті болды. Әр командаға салмақ ретінде бір литр су берілді. Соңында бөтелкелерді базаға қайтадан әкеліп, көрсетуі керек. Кросс-жорық бойы команданың екі қатысушысы өзімен бірге10 килограммға дейін жететін жолдорбаны тасыды. Оның ішінде ұзындығы жағынан әр түрлі арқан, жіптер, дәрі-дәрмек қобдишасы, бекіткіш құралдар және тағы басқа  ең керекті жабдықтар бар. Қарағанды қаласының «Созвездие» командасының мүшесі кросс-жорықтан алған әсерімен бөлісті. 

– Бірінші тапсырманы ең жақын орналасқан нүктеден бастадық. Ол жерде топографиялық белгілерді дұрыс салып, төрешілерге тексерту керек болды. Содан кейін өткелден өту деген техникалық сынаққа көштік. Ол жерде көп бөгелмедік. Алайда қалған тапсырмаларды көп іздеп жүрдік, – деді Елизавета Полгешко.

Бүкіл кедергілерден мінсіз өтуге тырысқанымен командалар түрлі қателіктер жіберген кездер болды. «Созвездие» командасының қатысушылары "Бөрене" деген тапсырманы аяқтап жатқан кезде, ұмытшақтықың салдарынан уақытты созып алды. 

– Бұл кезеңде ең біріншіде бір адам екінші жаққа бөрене арқылы өтіп, ағашқа жіпті байлау керек. Соңында барлығымыз басқа жаққа ауысамыз. Төрт минуттың ішінде сынақтан өттік деп ойлап жатқанда төреші бізге ысырмаға арналған тіректерді алуды ұмытып кеттіңдер деп айтты. Ал біз жіптердің барлығын жіберіп қойған едік. Нәтижесінде  қосымша екі минут қосылды, – деп түсіндірді Елизавета Полгешко.

Айта кететін жайт, қарағандылықтар Ертіс меридианы туристік слетінде қатарынан бес жыл жеңімпаз атанған. Команданың бас бапкері Александр Шиловтың айтуынша, осындай жетістікке жету үшін қажырлы еңбек пен спортшылардың дайындығы қажет. 

– Тобымыз осы жарысты жеңіп шығуға ынталанып отыр. Кешегі дистанциядағы көрсеткен нәтижеге сүйенсек, командамыздың жеңіске жету мүмкіндігі өте жоғары. Алайда бәсекелестерді бағаламауға болмайды. Астана, Павлодар, Көкшетау қаласының қатысушылар да осал емес, – деді ол.

Оның ойынша, адами факторлардың әсерінен сәтсіз өткен тапсырмалар да болып тұрады. Себебі командадағы әрбір қатысушыны қадағалау мүмкін емес. 

Павлодарлық топтың мүшесі Дания Бекмулина кедергілерден өту қиындыққа соққанын мойындайды. 

–  Өте көп әсерге бөлендім. Шын мәнінде кейбір тапсырмалар оңай болды. Алайда қателіктердің кесірінен бірнеше сынақтан құладық. Мысалы, жартастарға өрмелеп шығу кезеңінде 10 секунд жетпей қалды. Соңғы қатысушы көтерілген сәтте уақыт таяп қалғаны өте өкінішті, – деді Дания. – Судағы тапсырмаларды өткен кезде біздің жолдорбаларымыз суға тиіп кеткендіктен одан әрі салмақ қосылды. Сондықтан 10 килограммнан астам салмағы бар сөмкемен жүгіруге тура келді. 

Жалпы, команда қатысушылары өзеннің таяз жерінен өту, азимут, медицина, топография, өткелден өту, от жағу мен апат сигналын көрсету, дюльфер техникасымен тауға шығу, түйін байлау, маятник, бөрене сынды сынақтарынан өткен болатын. 

Алдыңғы күннің жарыстары және кросс-жорық бойынша командалардың ішінен «Астана-Жігер» тобы өте жақсы нәтиже көрсетіп, үздік атанды. 

Ертіс меридианы туристік слетінің тағы бір бөлігі бард әндері байқауы болды. Барлық қиын кезеңдерден кейін қатысушылар бір отбасы секілді ашық аспан, жұлдыздардың астында  Жасыбайдың жағасында  әндетіп, жанды дауыспен акустикада авторлық туындыларды шырқады.  Алматы қаласының "Юность" командасының мүшесі Раиса Коновец туристік слетке талай рет келіп, өз өнерін көрсетуде. Биыл ол павлодарлық автор Гайдар Саркыншаков жазған «Дорожная» өлеңін гитарамен шырқады. 

– «Дорожная» әні туған жер туралы. Сондықтан да ол маған өте ұнайды. Сөздері жеңіл, есте тез сақталады. Тыңдаушылар бұл әнді білмесе де сенімен бірге айтады. Бард әндері байқауына тематика бойынша өлеңдер таңдалады. Мысалы, патриоттиық, туған елің, туризм жайында болуы да мүмкін, – деп мойындайды Раиса Коновец.– Бард әндері басқа стильдерден несімен ерекшелінеді десеңіз– өлеңдердің сөздері өте мағыналы, түсінікті, шынайы болуы тиіс. Эстрада төрінде шырқалатын әндердің кейбірі есіңде де қалмайды. Ал бұл жерде орындалатын әндер кино сияқты. Осында позитивті энергияға бөленіп, шабыт аласың.

Ең соңында төрешілер өлеңнің мағынасы мен тереңдігіне, қатысушының орындаушылығын бағалап шешімдерін қабылдады. Осы принципке сүйене отырып, байқау төрешілері бірінші орынды Алматы және Қарағанды қалаларының мүшелеріне берді.  

Айта кетейік, 1987 жылы «Ертіс меридианы» туристерінің алғашқы слеті облысаралық деңгейде болды. Бірте-бірте география кеңейіп, Ресейден де қатысушылар келе бастады. Әр жылдары Баянауылда Қазақстан мен Ресейден 20-дан астам турклуб жарысты. Биыл туристік слеті 32 рет өткізіліп жатыр. Оған Қазақстанның түрлі облыстарынан келген тоғыз команда қатысып жатыр. Үшкүндік слетте қатысушыларды жаяу, таулы, судағы сынақтардан өту керек болатын.