Баянауыл ұлттық табиғи паркіне 40 жыл толып отыр

Таулы бөктердің әсемділігімен таң қалдыратын парк – еліміздің аумағында құрылған ең алғашқы ұлттық табиғи парк, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
1985 жылы 12 тамызда ҚССР Министрлігі № 276 қаулысымен құрылған Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 68 452,8 гектар жерді құрайды.
Талайдың жанарын жаулаған Баянауыл паркінің тұмса табиғатты фауна мен флораға өте бай. Парк аумағында өсімдіктердің 552 түрі, оның ішінде 5 түрі Қызыл кітапқа енген. Сүтқоректілердің 45 түрі, оның ішінде арқар Қызыл кітапқа енгізілген, құстардың 205 түрі, балықтардың 13 түрі, жәндіктердің 295 түрі кездеседі.
Әсем табиғаты бір көрген адамның жүрегіне ізгілік әсер қалдыратыны алашқа аян. Тауы мен тасы Мысырдың жақұтпен көмкерген айнасындай айдың шалқар көлдері, жануарлар әлемі, жасыл желекке жамылған қарағайлы, қайыңды нулы орманы, табиғи тас мүсіндері мен ғажайып үңгір шатқалдарының кескін-келбеті атадан балаға мирас, аңыз-әфсаналарға арқау болған құтты мекен.
Бүгінгі таңда еліміздің жан-жақ өңірі мен шетелден Баянауылдың табиғатын тамашалауға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді.Шамамен 150 мыңнан аса адам тамашалайды.
Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері айнадай жарқырайды. Олардың мөлдір суы өмір мен шабыттың қайнар көзі болып табылады.