Павлодар облысында мал жаю ережесін бұзған 2000-нан астам адам жауапқа тартылды

Павлодар облысында мал жаю ережесін бұзған 2000-нан астам адам жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Айыппұл мен әкімшілік жаза малшылардың немқұрайлылығына тосқауыл бола алмай келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде әлі де қараусыз жүрген мал жол қозғалысына қауіп төндіріп келеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және мал ұрлығына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қараусыз жүрген мал арнайы тұрақтарға қамалады. Қазіргі уақытта өңірде осындай 128 тұрақ бар. Жыл басынан бері оларға 27 800 бас мал орналастырылған.

Мәселен, Омбы – Майқапшағай автожолының 498-шақырымында полицейлер жолдың жүру бөлігінде қараусыз жүрген жылқы үйірін анықтады. Ал Павлодар – Успен автожолында қараусыз жүрген 20 бас ірі қара мал тіркелді.

Екі жағдайда да жануарлардың иелері анықталып, мал арнайы тұраққа қамалды. Ал жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 2035 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құқық қорғау органдары мал иелерін жануарларды қараусыз қалдырмауға және оларды жаю кезінде белгіленген талаптарды сақтауға шақырады. Өйткені жолға шығып кеткен мал жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп, жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.

Полиция өкілдері ауыл тұрғындарына төрт түлікті бақылауда ұстап, жол бойында еркін жүруіне жол бермеу қажеттігін ескертеді.