Майқайыңда құтқарушылардың қаза болғаны үшін екі шенеунік сотталды

Сотта екі айыпталушыға қатысты қылмыстық істің нүктесі қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері, яғни Екібастұз қаласының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысы және бас маманы ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының екінші бөлігі – немқұрайлылық бойынша кінәлі деп танылды. Судья оларды өз міндеттерін немқұрайлы орындағандықтан оның арты ауыр зардаптарға әкелді деп санады.
– 2016 жылы анықталған бұзушылықтар жойылмағанын сенімді біле отырып, өздерінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарады. Тексеру актілерінде аталған бұзушылықтар көрсетілмеді және оларды жою бойынша шаралар қолданылмады, сондықтан 2024 жылғы 4 қаңтарда жер опырылып, апат орын алып, төрт адам қаза тапты, яғни бұл ауыр зардаптарға әкеп соқтырды, – деді Баянауыл аудандық сотының судьясы Теңлік Қадырбекова.
Сот кінәні жеңілдететін жағдайларды, қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін ескеріп, сотталушыларды бас бостандығынан айырған жоқ. Бөлімнің 57 жастағы басшысы үш жылға, оның қарамағындағы 50 жастағы айыпталушының бас бостандығы екі жылға шектелді. Екеуі де үш жылға қауіпті өндірістік нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау мен қадағалауға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, бөлім басшысы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01:25-те «Майқайыңалтын» АҚ кенішінде жазатайым оқиға орын алды. Жүргізушісі және үш тау-кен құтқарушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлады. Олардың барлығы қайтыс болды.
Кәсіпорынның алты жауапты қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған болатын.