Павлодарлықтарға отшашуды қауіпсіз қолданудың қатаң ережелерін түсіндірді
Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы белгіленген орындарда ғана пайдалануға рұқсат етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл аумақ тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы, айналасында ағаштар, электр желілері және отшашу тиіп кетуі мүмкін өзге де кедергілер болмауы тиіс.
– Пиротехникалық заттарды сатумен айналысатын кәсіпкерлердің қолында лицензия, сәйкестік сертификаттары немесе декларациясы, аумақты жалға алу шарты және полиция департаментінің арнайы рұқсаты болуы міндетті. Рұқсат алу үшін өтінішхатта тауардың атауы мен саны, сақтауға жауапты тұлға мәліметтері мен қойма шарты көрсетілуі қажет. Сондай-ақ бұл сала қызметкерлерінің медициналық (психикалық саулық, есірткіге тәуелсіздік) және соттылығының жоқтығы туралы анықтамалары болуы шарт, – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, сауда нүктелеріне де қойылатын талаптар жоғары.
– Өнім тікелей күн сәулесінен қорғалуы, өрт дабылы және сөндіру құралдарымен жабдықталуы керек. Витриналар сатып алушылардың тауарды тек көруіне арналуы тиіс, яғни өніммен тікелей жанасуға жол берілмейді. Тасымалдау жұмыстары қауіпті жүктерді тасуға рұқсаты бар жүргізушілер мен күзеттің сүйемелдеуімен жүзеге асырылады, – дейді мамандар.
Ведомствода атап өткендей, пиротехникалық бұйымдарды сақтауға берілетін рұқсаттың мерзімі үш жылды құрайды.