Павлодар облысында мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі күшейтілді

Павлодар облысында мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі күшейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер мектеп автобустарын тексеріп, оқушылармен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кездесулер өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шаралар жүргізілуде.

«Жасөспірімдерді бақылау» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі орта мектептің оқушыларымен кездесті.

Полицейлер жасөспірімдерге әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілікті түсіндірді. Сондай-ақ буллинг пен кибербуллинг, алкоголь мен есірткі тұтынудың алдын алу, әлеуметтік желілердегі деструктивті контент және интернеттегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мектепте, көшеде және интернетте қауіпсіз жүріс-тұрыс бойынша кеңестер алды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары Ертіс ауданында да жүргізілуде. «Назар аударыңыз – балалар!» республикалық акциясы аясында полицейлер оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобустарын тексерді.

Инспекторлар көліктердің техникалық жағдайына, өрт сөндіру құралдары мен алғашқы медициналық көмек қобдишаларына, жарқылдауық маяктарға, жарық және дыбыстық сигналдарға назар аударды. Әр жолаушы орнына арналған қауіпсіздік белдіктерінің жарамдылығы да тексерілді.

– Балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік – полицияның басты міндеттерінің бірі. Барлық мектеп автобустары белгіленген талаптарға сай болып, техникалық тұрғыдан жарамды жағдайда болуы тиіс, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы Данияр Башаров.

Мектеп автобустарының жүргізушілеріне жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтау, балаларды тасымалдау кезінде жауапкершілікті күшейту қажеттігі ескертілді.

Павлодар қаласында патрульдік полиция инспекторлары білім беру ұйымдары маңындағы жолдарда кезекшілік атқаруда. Олар жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту тәртібін бақылап, оқушылармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

– Инспекторлар жүргізушілердің «зебра» арқылы қалай өтетінін бақылап, жылдамдықты төмендету, жолда балалардың пайда болуына дайын болу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу үшін жауапкершілік туралы ескертеді. Сонымен қатар ең кішкентай мектеп оқушылары – жаяу жүргіншілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Полиция ата-аналарды балаларымен жол қауіпсіздігі туралы жиі сөйлесуге, оларға жолды, қиылыстарды қауіпсіз кесіп өту және қоғамдық көлікте өзін ұстау ережелерін түсіндіруге шақырды.

Профилактикалық шаралар оқу жылы бойы жалғасады.