Той бизнесі: Павлодарлықтар қанша қаражат салады?
@Pavlodarnews.kz тілшісі тұрғындардан адам өміріндегі ең маңызды сәт – той күніне қатысты пікірлерін біліп қайтты.
Бүгінде елімізде гонорары миллионнан кем емес әншілер мен танымал жүргізушілерді шақырып, керемет той өткізу сәнге айналған. Тіпті, кейбіреулері тойды ұмытылмастай жасау үшін миллиондап несие алуға да дайын. Ал қазіргі уақытта тойды мінсіз өткізу үшін – тойхана, жүргізуші, бишілер, видеограф, фотограф, мобилограф қажет. Ал тойыңызда жоғары деңгейдегі мамандарды көргіңіз келсе, ақшаңызды аямаңыз.
Ең арзан және ең қымбат тойхана
Той жасаушылардың алғашқы іздейтін жері бұл – тойхана. Бүгінде облысымыздағы ең арзан тойханадағы бір адамдық орын сегіз мың теңгені құраса, ең қымбаты 25 мың теңгені құрайды. Мысалы, қаладағы 300 орындық керемет мейрамханада 100 адамдық той жасау 2,5 миллион теңгеге шығады.
Тамадалардың прайсы
Ал тойды көңілді, қызықты өткізу үшін міндетті түрде кәсіби жүргізуші қажет. Мерекелік іс-шараны өткізу үшін жергілікті жүргізушілер, былай айтқанда тамадалар кем дегенде 200 мың теңге сұрайды. Өңірдегі мұндай қызметкер сұрайтын ең жоғары баға – 600 мың теңге. Ал тойыңызда Қазақстанға танымал жүргізушілерді көру үшін миллион теңгеден астам қаражат жұмсау қажет болады.
Бисіз той – қантсыз шәй секілді
Тойыңыздың көркін келтіріп, сыйлы қонақтарыңыздың көңілін көтеру үшін бишілер өнер көрсетеді. Тойдағы бір би үшін төрт адамдық би тобы 30 мың теңге сұраса, мерекелік кешіңізді жоғары деңгейде бастан аяқ көтеріп, тер төгу үшін өңірдегі ең танымал бишілер 500 мың теңге сұрайды.
Ең қымбат видеограф қанша алады?
Ал тойдағы естен кетпестен сәттерді кәсіби камераға түсіріп, еске алып отыру үшін видеограф қызмет көрсетеді. Бұл мамандардың ең төменгі прайсы 50 мың теңге құраса, өңірдегі ең қымбат видеограф қалтаңыздан 550 мың теңгені қағып алады.
Қанекей, фотоға түсір, бақытты сәтімді менің ...
Сіздің бақытты, қуанышты, көңілді сәттеріңізді суретке түсіріп, естен шықса, қарап отыратын суреттеріңізді фотограф түсірмек. Бұл маманды кем дегенде 30 мың теңгеге шақырсаңыз, кәсіби фотограф тойыңызда 200 мың теңгеге қызмет атқарады. Мобилографтарды ұмытпау керек, олардың орташа бағасы 50 мың теңгені құрайды.
Сонымен түйіндейтін болсақ, жергілікті той-бизнес жұлдыздарын, ең үздік фотографтар мен видеографтарды, мобилографтарды шақырып, ең қымбат мейрамханада 100 адамға дүркіретіп той жасау үшін отбасылық бюджеттен шамамен 4,4 теңге салуға тура келеді.
Айта кету керек, бұл – торт, сусындар, тәттілер, қалыңдық көйлегі мен жігіттің костюмі, кортедж сынды тағы да басқа ұсақ-түйек заттарды қоспағандағы баға.