Көпке үлгі: Баянауылдық оқушы биік белестерді бағындыруда

Көпке үлгі: Баянауылдық оқушы биік белестерді бағындыруда

Нұрислам Ташмағамбет – спорт пен білімді қатар алып жүрген талантты жастың бірі. Жас боксшы @Pavlodarnews.kz тілшісіне шаршы алаңдағы жеңістері мен мектептегі оқу үлгерімін қатар алып жүрудің сырымен бөлісті.

Баянауыл ауданының жас өрені Нұрислам Ташмағамбет бүгінде спорттағы жетістіктерімен туған өлкесінің мерейін үстем етіп жүр. Қазақстан және Азия чемпионы атанып, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген 10-сынып оқушысы үшін әр жеңістің артында тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп пен жақындарының қолдауы жатыр.

Жас боксшы үшін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау – үлкен мәртебе. Ол қол жеткізген марапаттарының әрқайсысын бағалайтынын, алайда Қазақстанның көк Туын көтеріп, Әнұранын тыңдаудың орны бөлек екенін айтады.

– Боксқа 11 жасымда келдім. Осы уақыт ішінде көптеген жарысқа қатысып, мол тәжірибе жинадым. Алғашқы жеңісімнен кейін өзіме деген сенімім артып, алдыма үлкен мақсаттар қоя бастадым. Қазақстан және Азия чемпионы болуды армандадым. Бүгінде сол арманымның бір бөлігі орындалды. Мен үшін әр жетістік қымбат. Әсіресе халықаралық жарыста еліміздің Туын көтеріп, Әнұранын тыңдау – ерекше сезім. Бұл сәтте өзім үшін ғана емес, елім үшін жауапкершілікті сезінемін, – дейді Нұрислам Ташмағамбет.

Жас боксшының күнделікті өмірі де нақты тәртіпке бағынған. Уақытының басым бөлігін оқу мен жаттығуға арнайды. Спорт залында бокс техникасын жетілдіріп, жылдамдық, күш және төзімділігін арттыру үшін тынымсыз жұмыс істейді. Жаттығудан тыс уақытта демалып, келесі дайындыққа күш жинайды. Ал сабақтарын уақытылы орындауға тырысады.

– Әрине, кейде қиындықтар болады. Себебі спортта да, оқуда да үлкен жауапкершілік қажет. Мұғалімдеріме түсіністік танытып, қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Бос уақытымда ойын-сауыққа бой бермей, берілген тапсырмаларды орындауға тырысамын. Менің ойымша, чемпион болудың басты жолы – еңбек пен темірдей тәртіп. Болашақта спортта да, білімде де жоғары нәтижеге қол жеткізгім келеді. Өзіме үлгі тұтатын боксшылар көп. Әсіресе, еліміздің намысын қорғап, Олимпиада чемпионы атанған спортшылардың жетістіктері жігер береді. Менің де ең үлкен арманым – әлем чемпионы атанып, Олимпиада алтынын жеңіп алу, – дейді жас боксшы.

Нұрисламның боксқа келуіне бала күнінен байқалған спортқа деген қызығушылығы себеп болған. Қимылы ширақ, белсенді баланың бойындағы қабілетті алғаш аңғарған – ағасы Әділ Хабиболла. Ол інісінің спортқа деген ерекше ынтасын байқап, 11 жасында бокс үйірмесіне алып келген. Осылайша, кішкентай кезінен басталған қызығушылық уақыт өте үлкен спортқа бастар жолға айналды.

– Нұрисламның бойындағы қабілетті бала кезінен байқадым. Мінезі қайсар, сабырлы, алдына мақсат қоя білетін өрен. Әрі ағасы, әрі бапкері болу оңай емес. Кейде бапкер ретінде талап қойып, қателігін түзету керек, ал кейде аға ретінде демеу беріп, жігерлендірген маңызды. Жаттығу кезінде оған басқа спортшылардан артықшылық бермеймін. Барлығына бірдей талап қоямын. Өйткені спортта нәтиже туыстықпен емес, қажырлы еңбекпен келеді, – дейді Әділ Хабиболла.

Бапкері шәкіртінің бүгінгі деңгейге жетуі бір күннің нәтижесі еместігін атап өтті. Қазақстан және Азия чемпионаттарына дейін Нұрислам бірнеше дайындық кезеңінен өтіп, талай жарыста тәжірибе жинаған. Жаттығу барысында дене дайындығымен қатар, техникалық шеберлікке, тактикалық ойлауға және психологиялық тұрақтылыққа басымдық берілетінін де жеткізді.

Айта кетейік, биыл Нұрислам Ташмағамбет «Тәуелсіздік ұланы» грантының иегері атанған. Жас өренге марапатты Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов арнайы табыстады.