Павлодарлық оқушылар жазғы еңбек жасақтарына тартылады

Екі мыңнан астам оқушы белгіленген нормаға сай еңбек етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында олардың бос уақытын қамтамасыз ету үшін кешенді бағдарлама әзірленді. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында айтты.
– Бағдарламада «Адал азамат» тәрбие концепциясының негізінде әр күн құндылықтарға арналатын болады. Сонымен қатар, «Үздік мектеп жанындағы лагерь», «Үздік балалар сауықтыру орталығы», «Үздік баспасөз қызметі» конкурстары, қалалық және аудандық білім беру бөлімдері арасында «Жаз-2025» шығармашылық жобаларының байқау-конкурсы, «Бала достары» «Үздік педагогикалық жасағына арналған конкурс, мектеп жанындағы оқу–тәжірибелік учаскелердің «Жасыл желек» облыстық байқау-конкурсын өткізеді, – деді Самал Айтқазина.
Оның айтуынша, жаз мезгілінде оқушыларды жұмыспен қамту – негізгі бағыттардың бірі болып табылады.
– Жаз мезгілінде оқушыларды жұмыспен қамтудың негізгі нысандары: жазғы еңбек жасақтары, абаттандыру және көгалдандыру бригадалары, мектеп орманшылығы, кәсіпорындарда жұмыс істеу. Ең алдымен халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан шыққан балалар, түрлі есепте тұрған кәмелетке толмағандар, мектепішілік есепте тұрған балаларды жұмысқа орналастыру керек, – деді Самал Айтқазина.
Осылайша, қалалар мен аудандар бойынша жаз мезгілінде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру және көгалдандыру жасақтарына бюджет қаражаты есебінен 2221 жоғары сынып оқушысын қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда Ұлттық білім беру базасының мәліметтеріне сәйкес облыс мектептерінде 14 жастан бастап 28 034 оқушы оқиды. Бюджеттен тыс есебінен 9572 жоғары сынып оқушысын қамту жоспарлануда.
– 14 жастағы балалар төрт сағат, ал 16 жастағы балалар алты сағат жұмыс істейтін болады. Кәсіпорындармен, аудандық және қала әкімдерінің орынбасарларымен бірлесіп осы жұмысты ары қарай атқаратын боламыз, – деп атап өтті Самал Айтқазина.
Асайын Байханов білім саласындағы бөлім басшылары жазғы уақытта балаларды жұмыспен қамту тақырыбы бойынша әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей көрсетілім өткізу керектігін айтты. Сондай-ақ, ол жазда бос уақытты қамту үшін ата-аналарға арнайы жазғы желілік кестені дайындау қажеттілігін де білдірді.