Павлодар облысында монополист кәсіпорын тарифтік заңбұзушылықты жойды
Контрагенттерге әртүрлі тарифтер қолданылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Ақсу қаласы аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды көму қызметтері нарығына жүргізілген талдау барысында «Ақсу-Полигон» ЖШС тарапынан заңбұзушылықтарды анықтады.
Талдау нәтижесінде кәсіпорынның Ақсу қаласындағы аталған нарықта 100 пайыздық үлеспен монополиялық жағдайға ие екені белгілі болды.
Департаменттің мәліметінше, серіктестік объективті негізделген себептерсіз бірдей талаптардағы келісімшарттар бойынша контрагенттерге әртүрлі тарифтер қолданған.
Осыған байланысты кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданды.
Хабарлама талаптарын орындау нәтижесінде «Ақсу-Полигон» ЖШС нарықтағы барлық контрагенттер үшін тең жағдайларды қамтамасыз ететін қосымша келісімдер жасасты.