Чех мамандары павлодардың трамвай желісін жоғары бағалады
Брно делегациясы тәжірибе алмасуға арнайы келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар трамвай басқармасына Чехияның Брно қаласынан келген мамандар кәсіби тәжірибе алмасу мақсатында сапарлады. Бұл – соңғы үш жыл ішінде олардың кәсіпорынға жасаған екінші сапары. Делегация үшін жаз мезгілінде Павлодарға ат басын бұру дәстүрлі бағыттардың біріне айналған.
Депо қызметінің басшысы Дамир Таспаев ұжым жұмысы туралы таныстырып, өндірістік үдерістердің ұйымдастырылуы мен жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету ерекшеліктеріне тоқталды.
– Қонақтардың ерекше қызығушылығын трамвай паркінің жаңаруы тудырды. Олар автономды жүріс мүмкіндігі бар заманауи төмен еденді вагондарды жоғары бағалады, – деді Дамир Таспаев.
Делегация құрамында бағыттық көрсеткіштерді жинаумен айналысатын коллекционер әрі электр көлігі тарихының жанкүйері де болды. Ол Павлодардағы трамвай жүйесінің жоғары деңгейде дамығанын атап өтіп, түрлі елдердің тәжірибесін зерттеу барысында бұл қаладағы электр көлігі ерекше әсер қалдырғанын айтты.
Өз кезегінде чехиялық мамандар Брно қаласында екі трамвай депосы жұмыс істейтінін, ал жылжымалы құрам шамамен 300 вагоннан тұратынын жеткізді. Сондай-ақ жүргізушілердің әр ауысым алдындағы медициналық тексеруін диспетчерлер өткізетінін айтты.
Павлодардан кейін делегация сапарын Өскемен мен Теміртау қалаларында жалғастырады.
Кездесу соңында қонақтар басқарма төрағасы Муслим Махмудовқа кәсіпорын қызметімен танысуға және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдіріп, ұжымға толағай табыс, тұрақты даму мен өсіп-өркендеу тіледі.