Павлодарда «Тура жол» жобасы аясында балалар құқықтық сауаттылықтарын арттырды
Кездесу алаңында жастарға тәуелділіктің алдын алу жолдары түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстағы «Жас ұрпақ» балалар үйінде жастар бастамаларын дамыту орталығының «Тура жол» жобасы аясында құқықтық сауаттылықты арттыру және түрлі тәуелділіктің алдын алуға арналған ақпараттық кездесу өтті.

Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы, «Заң мен Тәртіп» идеологиясының амбассадоры Анна Сербина құқықтық білімнің қоғамдағы рөлі, заң талаптарын сақтау мәдениеті және тәуелділіктің алдын алу шаралары туралы баяндады.
– Құқықтық білімнің болуы заңбұзушылықтың алдын алуға көмектессе, тәуелділіктің зияны туралы ақпарат балалардың дұрыс өмірлік таңдау жасауына ықпал етеді, – деді психолог.

Жастарға қызмет көрсету орталығының инспекторы Айтжан Жансұлудың айтуынша, кездесудің мақсаты – тәрбиеленушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтары мен міндеттері туралы түсінігін кеңейту және салауатты өмір салтын насихаттау.
– «Тура жол» жобасы аясындағы ақпараттық-түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да түрлі білім беру ұйымдарында және жастар арасында тұрақты түрде өткізілетін болады. Сонымен қатар, белсенді жастар ерікті ретінде тіркеліп, әлеуметтік және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалыса алады, – деді инспектор.
Жоба аясында алдағы уақытта құқықтық кездесулер, психологтардың қатысуымен тренингтер, семинарлар, ашық диалог алаңдары, профилактикалық акциялар және жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылады.