Павлодар облысында орындалмаған құрылыс жұмыстарына қыруар қаржы төленген

Павлодар облысында орындалмаған құрылыс жұмыстарына қыруар қаржы төленген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанда құрылыс саласындағы бюджеттік инвестициялық жобаларды бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Telegram-арнасының мәліметінше, 25 қыркүйекте Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне түзетулер енгізілді. Оған сәйкес қазынашылық сүйемелдеу сметалық құны 1 миллиард теңгеден басталатын шарттарға қатысты қолданылатын болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 2 миллиард теңгені құраған болатын. Бұл өзгеріс 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

– Бұған дейін Павлодар облысында бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілген болатын. Аудит барысында шамамен 731 миллион теңгеге іс жүзінде орындалмаған құрылыс жұмыстарына ақы төлеу фактілері анықталды. Павлодар құрылыс бөлімі бұрын төлем жасалған актілер негізінде мердігер ұйымға төлем жүргізген, – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасында.

Осыған байланысты Қаржы министрлігіне қазынашылық бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша көптеген құрылыс шарттарын сүйемелдей алатындай өзгерістер енгізу тапсырылды.