Республикалық форумда павлодарлық спикер аналардың қоғамдағы рөлін атап өтті

Республикалық форумда павлодарлық спикер аналардың қоғамдағы рөлін атап өтті
Фото: Назгүл Смағұлова

Алматыда өткен форумға облыстық ҚХА Аналар кеңесі мен «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ана жүрегі – бейбіт өмірдің кепілі» республикалық форумында сөз сөйлеген Бақытжамал Максилова Мемлекет басшысының Жолдауы мен жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында көптеген өзекті мәселелердің басын ашып, олардың шешу жолдарын атап өтті. Бұл – біздің жүрегімізде келешекке деген зор үміт ұялатты. Президент «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс» деп атап өтті. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш пен абырой, – деді Бақытжамал Максилова.

Спикердің айтуынша, бұл сөздер Аналар кеңесі үшін ерекше бағдар болып табылады.

– Біз, Аналар кеңесі, қоғамдық ұйым ретінде ұрпақ тәрбиесіне байланысты айтылған асыл сөздің бәрін басшылыққа алып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – бүкіл қоғам мен ата-аналарға ортақ іс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет, – деді ол.

Павлодарлық қоғам қайраткері жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудің маңыздылығын ерекше айтты.

– Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа, өз халқын құрметтеуге тәрбиелеу – отбасы мен бүкіл қоғамның міндеті. Осы мақсатта 2014 жылдан бастап Аналар кеңесі «Мәдениеті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана», «Менің Отаным – менің отбасым», «Бақытты ана – бақытты отбасы» сияқты жобаларды іске асырып келеді, – деді Бақытжамал Максилова.

Оның сөзінше, бүгінде Павлодар облысында 163 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Оның ішінде облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде кеңестер, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер жанындағы 30 Аналар кеңесі бар.

– Бүгінгі таңда Аналар кеңесінің құрамында 2770 адам қоғамдық қызмет атқаруда. Сонымен қатар жастар тәрбиесіне Аналар кеңесінің жанындағы орталықтар, үйірмелер мен клубтар белсенді атсалысып келеді, – деді ол.

«Ана жүрегі – бейбіт өмірдің кепілі»  республикалық форумы әлемдегі алғашқы және салыстырмалы түрде жас, небәрі ашылғанына 11 жыл болған,  оңтүстік елорда қонақтарының алдында есігін айқара ашқан  «Анаға құрмет мұражайы»  мұражайында жұмысын жалғастырды. 

Форумға қатысушылар Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің естелік көрме бұрышының ашылуына куә болды, онда қатысушылардың назарына түрлі этностардың әйелдер бас киімдері ұсынылды, сонымен қатар көрмелік экспонаттармен – көне тұрмыстық заттар мен қолөнер бұйымдары, суреттермен  танысты. 

Музейде өткізілген  «Ақ орамал»  акция аясында форум қонақтарына символдық құрмет белгісі ретінде ақ орамал тағылды.