Павлодарлық арулар балаларға қуаныш сыйлады

Павлодарлық арулар балаларға қуаныш сыйлады
Фото: pixabay.com

Қыздар жыл сайын жақсылық жасап, өзгелерді де игі іске шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Miss Pavlodar - 2024» финалы 2 тамызда өтеді. Байқау қатысушылары демеушілермен бірге балалар үйлеріне, көп балалы отбасыларға және жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі балаларға барып, қайырымдылық шараларын өткізді. Қыздар азық-түлік пен бірінші қажетті заттарды таратып қана қоймай, ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнап, балалармен әңгімелесті

– Мүмкіндігі шектеулі балалар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері түрлі іс-шараларға жиі қатыса алмайды, біз олардың үйінде жанды дауыста концерт беруді жөн көрдік. Менің ойымша, олар тек сыйлықтарға ғана емес, ән тыңдап, аспапта ойнағандарына да қуанды, – деді сән театрының негізін қалаушы Раиса Райымбекова.

Оның айтуынша, осылайша қыздар павлодарлықтарды бей-жай қалмай, мұқтаж жандарға көмектесуге шақырады.

«Miss Pavlodar - 2024» байқауының финалы Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Жеңімпазға сыйлық ретінде миллион теңге және «Miss Kazakhstan» сайысына жолдама беріледі. Екі іріктеу кезеңінен өткен 14 қатысушы Бас жүлдені сарапқа салады.