Павлодар облысында рейд кезінде 1000-нан астам ереже бұзушылық анықталды
Тәртіп сақшылары қоғамдық орындардағы бақылауды күшейтіп, түнгі уақытта ішімдік сатқан дүкен иесін де жауапқа тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде өтіп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тұрғын үй кешендерінің аулалары мен халық көп жиналатын демалыс аймақтарында жаяу патрульдеу жұмыстары күшейтілді.
– Шара басталғалы бері тәртіп сақшылары 1 058 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде алкогольдік ішімдік ішудің 229, ұсақ бұзақылықтың 33 дерегі тіркелді. Сонымен қатар 18 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды, – деп хабарлады полицияда.
Рейд кезінде алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын шектеуге де ерекше назар аударылды. Мәселен, Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінде сатушы тыйым салынған уақытта тұрғынға ішімдік сатқан. Мұндай ереже бұзушылық үшін сауда нысанының иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.