Ерлік ұмытылмайды: Павлодарлық полицейлер Ғазиз Байтасовты еске алды
Оған ерлігі үшін 2011 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонында қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған іс-шара өтті. Ол қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталған.
Тағылымды жиын барысында полиция қызметкерлері Халық қаһарманының өмірі мен қызмет жолын, Отанға адалдығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында көрсеткен жанқиярлығын еске алды.
Ғазиз Байтасов 2011 жылы Тараз қаласында қызметтік міндетін орындау кезінде қарулы қылмыскерді тоқтатып, ерлікпен қаза тапты. Ол соңғы сәтіне дейін қызметтік борышына адал болып, азаматтар мен әріптестерінің қауіпсіздігін қорғады. Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
– Ғазиз Байтасовтың ерлігі – бүгінгі полиция қызметкерлері үшін адамгершілік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы әрбір полицейге қызметтік борышына адал болуды, жоғары жауапкершілік танытып, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауды еске салады. Оның есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Іс-шара соңында қатысушылар Халық қаһарманының рухына тағзым етіп, оның ерлігі мен елге деген адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала беретінін атап өтті.