Павлодар облысында шағымдар көп түсетін алты аурухана тексеріледі
Осы аптада денсаулық сақтау басқармасының басшылығы екі қала мен екі ауданның медициналық нысандарын аралайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдардың саны ұлғайғанын атап өтті.
– Облыстық әкімшілікке түскен шағымдардың саны бес пайызға ұлғайды. Бүгінде осы сала бойынша 1273 сауал түсті. Павлодар қаласында шағымдардың басым бөлігі №3 және 1 емханалар мен теміржол ауруханасында, Екібастұз қаласының № 3 емханасында тіркелген. Ал аудандар ішінде Баянауыл мен Железин ауруханалары тексеріледі, – деді облыс әкімі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың сөзінше, шағымдардың үлесі консультативтік сипаттағы сауалдарға қатысты түседі.
– Ақпараттық түсіндіру жұмысы ақсап тұр. Сондай-ақ, адамдар бейінді мамандарға кіре алмай, кезекте көп күтіп қалады. Дәрі-дәрмекке қатысты қиындықтар да туындап жатады. Апта сайын жиналыстарды өткізіп тұрамыз. Бізде арнайы чат бар, ол жерде де сауалдарды талқылап, шешіп отырамыз. Емханаларда колл-орталық жұмыс істейді, – деді ол.
Асайын Байханов науқастар тарапынан орынды кемшіліктер мен шағымдар түскен жағдайда керекті шараларды қолдану керектігін айтты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқрамасының басшысына осы аптада ең көп шағым түскен емханалар бойынша нақты тексеріс жүргізуді тапсырды.