Павлодар облысында артық салмағы бар балалар саны азаюда
Бұл көрсеткіш биыл 31,3%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов семіздікке шалдыққан балаларды анықтау профилактикалық тексерулер жүргізу кезінде жүргізілетінін мәлім етті.
– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында салауатты өмір салтын сақтау кабинеттері жұмыс істейді. Ол жерлерде салауатты өмір салтын насихаттау, оның ішінде семіздік бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Айдар Сейітқазинов.
Сонымен қатар, басқарма басшысының айтуынша, облыстық балалар ауруханасының базасында семіздікпен бірге қант диабеті ауруы анықталған балалармен жұмыс жүргізілетін диабетиктер мектебі жұмыс істейді.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ұлттық жобаның сапалы орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Еске сала кетейік, ДДСҰ артық салмағы бар балалардың үлесі соңғы жылдары өсіп келе жатқанын мәлімдеген болатын. 2030 жылға қарай Қазақстанда жарты миллион балада артық салмақ болады деген болжам жасалды.
Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда 11 мен 15 жас аралығындағы артық салмақпен немесе семіздікке шалдыққан балалардың үлесі 1,6 есе өсті. Егер 2018 жылы осы жас тобындағы барлық қазақстандықтардың 9,7%-ы артық салмақпен ауыратын болса, былтыр жыл бұл көрсеткіш 15,4% өсті. Бұл үрдіс қыздар арасында да, ұлдар арасында да байқалады. Айтпақшы, қыздарға қарағанда ұлдарда артық салмақ жиі болады: тиісінше 19,2% және 11,3%. 2022 жылы балалардың 4,7%-ы семіздікке шалдыққан.