Павлодарлық кардиолог инсульттан кейін қандай оңалту шаралары жүргізілетінін айтты
Биыл облыстық кардиологиялық орталықта инсульт алған 155 науқас оңалтудан өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігер-реабилитологы Дильфуза Маматова оңалту емдері кардиология және неврология бойынша жүргізілетінін айтты.
– Кардиология – инфарктан кейінгі, кардиохирургия – ашық жүрекке жасалған отадан кейінгі, ал, неврологиялық бұл инсульттан кейінгі науқастары емдейді, –дейді Дильфуза Маматова. – Біздің орталық облыс бойынша бірінші және екінші кезеңдегі оңалту емдерін жүргізеді. Оңалтудың екінші кезеңінен тек біздің орталықта өтуге болады. Емдік шара 14 күнге жалғасады.
Отадан кейінгі бірінші кезең, яғни үш күн жедел кезең болып саналады. Екінші кезең жедел және ерте оңалту кезеңін қамтиды. Ол аурудан немесе отадан кейінгі алты ай ішіндегі уақыт болып табылады.
Реабилитолог дәрігердің айтуынша, науқастың медициналық көрсеткіштері бойынша оңалтудан төрт рет өтуге мүмкіндігі бар. Әр науқас үшін жеке емдеу бағдарламасы тағайындалады. Оңалтудың бірінші кезеңін өткеннен кейін олар емханаға барады.
– Біз емханалардың учаскелік терапевттерімен, жалпы тәжірибелік дәрігерлермен әрдайым байланыстамыз , –дейді спикер. – Уақыты келгенде олар ем алушыларды бізге екінші кезеңге жібереді. Оңалту шараларына емдік дене шынықтыру, кинозотерапия, физиотерапия, лазерлік терапия, магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, соққы толқыны терапиясы, ал, инстульттік оңалтудан кейін логопедиялық терапия, массаж, гидрокинезо терапиясы кіреді.
Оңалту кезінде емнің ерте басталуы, кезеңділігі, үздіксіздігі және әр науқасқа жеке көзқарас сияқты принциптердің сақталуы маңызды.
Кардиологиялық орталықта ем-шараларға шамамен үш сағат, содан кейін таза ауада серуендеуге уақыт бөлінеді.
Айта кетейік, өткен жылы кардиохирургия және кардиология бойынша 811 адам оңалтудан өткен. Бұлардың арасында отаны жергілікті орталықта ғана емес, Алматыда, Астанада және басқа елдерде жасатқан науқастар.