Павлодар облысында тұрғын үй қай жерде көп салынады?

Павлодар облысында тұрғын үй қай жерде көп салынады?
Фото: Константин Шелков

Облыс орталығы көш басында, ал Ертіс ауданы тұрғын үй құрылысының қарқынымен ерекшеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Павлодар облысында 166 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жаңа тұрғын үйлердің жартысынан астамы облыс орталығына тиесілі. Жыл басынан бері Павлодар қаласында 88 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өңірдегі жалпы көлемнің шамамен 53 пайызын құрайды.

Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша екінші орында – Екібастұз қаласы. Мұнда 35,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, үшінші орында 21,1 мың шаршы метр көрсеткішпен Ақсу қаласы тұр.

– Қаңтар-маусым айларында Павлодар облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 193 миллиард теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 129,6 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың, ферроқорытпа зауытының, тұрғын үйлер мен мектептердің құрылысының, сондай-ақ автомобиль жолдары мен инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінің 99,6 пайызы жеке құрылыс ұйымдарының үлесіне тиесілі. Алты ай ішінде өңірде 228 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Оның 174-і тұрғын үй, 54-і тұрғын емес нысан, – деді департамент басшысы Жақан Жәкенов.

Аудандар арасында тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша Баянауыл ауданы көш бастап тұр. Мұнда 3645 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Одан кейін Ертіс ауданы – 3151, Тереңкөл ауданы – 3067, Май ауданы – 2830 және Ақтоғай ауданы 2493 шаршы метр көрсеткішке қол жеткізді.

Ең жоғары өсім Ертіс ауданында тіркелді. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда мұнда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жеті еседен астам өсіп, 716 пайызды құрады. Сондай-ақ, Май ауданында өсім – 343 пайыз, Ақсу қаласында – 307 пайыз, Тереңкөл ауданында 268 пайыз және Успен ауданында 264 пайыз болды.

Ал тұрғын үй құрылысының ең төменгі көлемі Павлодар ауданында тіркелді. Мұнда жыл басынан бері небәрі 447 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, Успен ауданында бұл көрсеткіш 503 шаршы метрді құрады.

Өңірде салынған тұрғын үйлердің басым бөлігін жеке құрылыс салушылар қамтамасыз етті. Алты ай ішінде олар 145 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға берді. Сонымен қатар облыс тұрғындары өз қаражатына 54,6 мың шаршы метр тұрғын үй салды. Мемлекеттік меншік нысандары есебінен тағы 18,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жалпы, Павлодар облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны тұрақты сақталуда. Бұл ретте облыс орталығы көшбасшылық орнын сақтап қалса, бірқатар аудандар жаңа жобаларды іске асыру мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыту есебінен жоғары өсім көрсетіп отыр.