ERG компаниясы Павлодар облысының әлеуметтік жобаларын демеуге ниет білдірді

ERG компаниясы Павлодар облысының әлеуметтік жобаларын демеуге ниет білдірді
Фото: Валерий Бугаев

Осы мақсаттарға аталмыш компанияға шамамен 3 миллиард теңге бөледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы меморандумға бүгін Еуразиялық Топтың акционері, байқау кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов пен өңір басшысы Асайын Байханов қол қойды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 жыл бойы жыл сайын облыс әкімдігі мен Eurasian Resources Group арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде инфрақұрылымды дамыту, аула аумақтарын абаттандыру, әлеуметтік институттарды жаңғырту, сондай-ақ, цифрландыруды дамыту жобалары іске асырылуда. 

Меморандумды іске асыру аясында өткен жылы Баянауыл ауданының Қаражар және Павлодар ауданының Сычевка ауылдарындағы апатты мектептердің орнына екі жаңа мектеп салынды. 2023 жылғы 40 жобаның 26-сы аяқталды. 14 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оларды толық іске асыру осы жылдың шілдесіне дейін жоспарлануда, – делінген хабарламада. 

2024 жылға облыс әкімдігі меморандумға денсаулық сақтау, Павлодар мен Ақсу қалаларын абаттандыру, Майқайың кентіндегі желілерге тексеру жүргізу, аудан орталықтарындағы инженерлік желілерді цифрландыру, Павлодар мемлекеттік орман қорында көшеттер отырғызу және тағы басқа жобаларды ұсынды.

Асайын Байханов Топ өкілдеріне ұсынылған жобаларға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Бизнес пен мемлекеттік органдардың әлеуметтік-жауапты әріптестігінің қалыптасқан жүйесі оң нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі, – деп атап өтті облыс әкімі.

Бюджет есебінен 11,4 миллиард теңгеге 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Ол қаражат облыстың қалалары мен аудандарындағы жолдарды жөндеуге және абаттандыруға, облыс орталығындағы Лермонтов көшесін жөндеуге, Ақсу қаласында мұз аренасын салуға, Екібастұздағы «Шахтер» саябағын қайта жаңартуға және тағы басқасына бағытталады.