Павлодар облысы бюджет қаражатын игеру бойынша көш басында

Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игеру динамикасы жөнінде аппараттық жиында айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы бюджеттің орындалуы және әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижелері талқыланды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңісбек Шақатов есеп берді.
Басқарма басшысының мәліметінше, облыстық бюджеттің кірістері 201,4 миллиард теңге көлемінде жоспарланған, ал нақты түскені – 205,3 миллиард теңге. Орындалу деңгейі – 101,9 пайыз. Жоспардан артық түскен қаражат – 3,9 миллиард теңге. Жылдық түсім көлемінің 49,8 пайызы игерілген.
– Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 19,1 миллиард теңге немесе 110.3 пайыз. Шығыстар 305,4 миллиард теңге көлемінде жоспарланып, 305 миллиард теңге игерілді – 99,9 пайыз. Шілде айының басында игерілмеген қаражат қалдығы – 417,8 миллион теңге. Бюджет орындалуы бойынша облыс өңірлер арасында бірінші орынға шықты. Алайда, кейбір бағдарлама әкімшілері орташа облыстық көрсеткіштен төмен нәтиже көрсетті: жолаушылар көлігі мен автожолдар басқармасы, цифрлық технологиялар басқармасы және жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта мен су ресурстары басқармасы, – дейді Жеңісбек Шақатов.
Қалалар мен аудандардың бюджеттері 99,9%-ға орындалды. Тек Ақсу қаласында бұл көрсеткіш 98,8 пайызды құрады. Жылдық жоспар 626,4 миллиард теңге болса, тіркелген міндеттемелер көлемі – 404,6 миллиард теңге.
Тамыздың біріне дейін кірістердің жоспарлы орындалуы 100,4 пайыз болады деп күтілуде. Әкімдіктер берген ақпарат бойынша, шығыстар да 99,9 пайыз деңгейінде орындалады деп болжануда.
Жеңісбек Шақатов атап өткендей, кірістер бойынша елеулі тәуекелдер жоқ. Шығыстарға қатысты да оң динамика байқалады. Егер трансферттер мен субвенциялар дер кезінде түссе, қауіп туындамауы тиіс.
Асайын Байханов, өңір бюджет игеру бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті. Бірақ, артта қалған басқармалар да бар. Бұл мекемелер республикалық бюджеттен қаражатты толық игермеген, олардың қатарындағы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы тізімнің соңында.
Себебін Жеңісбек Шақатов түсіндірді:
– Бұл мәселе Павлодар ауданына қарасты Черноярка ауыл округіндегі Ертіс өзенінің арнасын тазалау жұмыстарына қатысты. Қаражат аз мөлшерде – 200 миллион теңге. Республикадан бөлінген қаржы маусым айының соңында түсті. Сол күні тек аванстық төлем жасалды. Толық төлем жасау үшін қосымша келісімшарт қажет болды, сондай-ақ қазынашылық арқылы жеке банктік есепшот ашу талап етілді. Бұл процедура бір-бес күн аралығында жүргізіледі. Уақыт тапшылығына байланысты сол күні төлем жасау мүмкін болмады, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Облыс әкімі мұны объективті себеп деп танып, қаражаттың кеш түскенін басты фактор ретінде атады.
Асайын Байханов әр әкім мен басқарма басшысы бюджет қаражатын тиімді және уақытылы игеруге тікелей жауапты екенін қадап айтты.