Павлодар облысында төрт жыл бұрын жасалған адам өліміне қатысты қылмыс ашылды

Павлодар облысында төрт жыл бұрын жасалған адам өліміне қатысты қылмыс ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шарбақтылық тұрғын танысының қолынан ажал құшқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Павлодар облысында төрт жыл бұрын жасалған адамның өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмысы ашылды.

Оқиға 2022 жылдың қыркүйегінде орын алған. Онда Шарбақты ауданындағы жеке үйлердің бірінен жергілікті тұрғынның мәйіті табылған еді. Марқұмның денесінде көптеген жарақат белгілері болған. Сол кезде жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларына қарамастан, қылмысты ізін суытпай ашу мүмкін болмаған.

— 2026 жылы полиция қызметкерлерінің қосымша жедел-іздестіру шараларын жүргізуі және марқұмның байланыс ортасын толық тексеруі нәтижесінде күдікті анықталды. Ол қаза тапқан азаматтың танысы болып шықты, - делінген ІІМ баспасөз қызметі берген ақпаратта.

Тергеу барысында оқиға болған күні ер адамдардың бірге спирттік ішімдік ішкені белгілі болды. Араларында туындаған жанжал кезінде күдікті жәбірленушіге ауыр дене жарақаттарын келтірген. Соның салдарынан ер адам көз жұмған.

Жиналған дәлелдердің негізінде күдікті өз кінәсін мойындап, 9 ақпанда уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін Павлодар облысы Шарбақты аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.