Зорлық-зомбылық құрбаны болған павлодарлықтар қайдан көмек іздейді
БҰҰ мәліметтерінше, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан жыл сайын 400 әйел қайтыс болады. Павлодар облысында екі мыңға жуық отбасында ыдыс-аяқ сылдырлап тұрады. Полицейлердің бағалауынша, бұл жанұяларда да агрессия, күш қолдану қаупі өте жоғары.
Дегенмен, мұндай қиындықтарға тап болған әйелдер көбінде-көп құқық қорғау органдары немесе басқа да ұйымдарға хабарласпайды.
@Pavlodarnews.kz тілшісі зорлық-зомбылық құрбандарына не істеу керектігі туралы қысқаша жадынама әзірледі.
1. Агрессордан арылыңыз.
Мамандар бірінші кезекте қауіпсіз орын тауып, туыс немесе достарыңызды паналауды ұсынады. Өзіңізбен бірге құжат, ақша мен дәрі-дәрмек ала барыңыз. Кризистік орталықтарға хабарласуға болады.
2. Зорлық-зомбылық туралы хабар беріңіз.
102 нөмірі немесе qamqor.gov.kz сайты арқылы өтініш беріңіз. Полицейлерден тұрмыстық зорлық-зомбылық орнына баруды талап етіңіз. Олар құқық бұзушыға қатысты шара қолдануы тиіс.
3. Жедел жәрдем шақырыңыз.
Егер жарақат алсаңыз, 103 нөмірі бойынша медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгініңіз. Полицейлерден сот-медициналық сараптамаға жолдама берулерін сұраңыз. Ол көрсетілген жарақатты бағамдау үшін қажет. Болмаса, жарақаттарды кез келген емханадағы терапевтерге барып көрсетіз.
4. Сенім телефондарына хабарласыңыз.
Егер көмекті анонимді түрде алғыңыз келсе, 105 бірыңғай тегін Ұлттық сенім линиясына немесе WhatsApp +7 708 106 0810 нөміріне хабар беріңіз. Сізге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, қажетті қызметтердің контактілерін береді.
Қазан айынан бастап Қазақстанда отбасы, әйелдер және балалар құқықтар қорғау жөніндегі бірыңғай сенім телефоны іске қосылды. Нөмірі 111, қоңырау шалу тегін.
Оған қоса «Не молчи KZ» қоғамдық қорының +7 705 151 0000 нөміріне хабарласуға болады.
Павлодарда кризистік орталықтардың көмегіне жүгініңіз:
* Балалары бар әйелдерді оңалту орталығы. Тәулік бойы істейтін сенім телефондары: 62-55-85, 54-03-03. Мекенжай: Қамзин, 20/1.
* «Дом мамы» қоғамдық қоры. Телефондары: +7 747 311 4083, +7 701 535 8798. Мекенжай: Қазанғап би, 25.
Фото: Константин Шелков