Павлодар облысында сайлау күні жас сайлаушыларға жіті назар аударылды

Павлодар облысында сайлау күні жас сайлаушыларға жіті назар аударылды
Фото: ұйымдастырушыдан

Ертіс ауданының жастары азаматтық жауапкершілігін танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс ауданындағы 27 сайлау учаскесі таңертеңнен тұрғындарды қабылдауда. Қазір мұнда дауыс беру белсенді жалғасып жатыр.

Биыл ауданда 90-нан астам жас азамат алғаш рет өз таңдауын жасайды. 18 жасқа толып, азаматтық құқығын алғаш пайдаланғандардың бірі – Расул Ыбраев.

– Бүгін алғаш рет дауыс беріп тұрмын. Бұл – мен үшін маңызды әрі ерекше сәт, – дейді Расул Ыбраев.

Алғаш рет саяси науқанға қатысқандар арасында жас отбасылар да бар. Кеше ғана шаңырақ көтерген Диас пен Гүлзира Бейсовтар сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

– Жұбайым екеуіміз алғаш рет отау ретінде сайлауға қатысып отырмыз. Басында кішкене толқу болғанымен, азаматтық құқығымызды пайдаланып, таңдау жасағанымызға өте қуаныштымыз, – дейді Диас Бейсов.

Бұдан бөлек, сайлау күні ауданның барлық учаскелерінде тұрғындарға арналған спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Оған ауыл тұрғындары белсенді қатысып, түрлі сайыстарда бақ сынады. Мұндай шаралар күннің мерекелік әрі көтеріңкі көңіл күйде өтуіне ықпал етті.

Осылайша, Ертіс ауданында азаматтық жауапкершілік, қоғамдық белсенділік пен отбасылық бірлік үндескен маңызды күн өтіп жатыр.