Павлодарда полиция күні кең көлемде аталып өтті

Павлодарда полиция күні кең көлемде аталып өтті
Фото: Константин Шелков

Атаулы күн аясында тәртіп сақшылары жаңа қырынан танылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық жағалауда ұйымдастырылған мерекелік шара барысында тұрғындар арнайы техникалар көрмесін тамашалап, құқық қорғау органдарының жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Бағдарлама ашық аспан астындағы техника көрмесінен басталды. Келушілер заманауи қызметтік көліктерді, арнайы құрал-жабдықтарды, қару-жарақ түрлерін және ауыр қылмыстарды тергеуге арналған жылжымалы криминалистикалық зертхананы көрді. Бұл кешен оқиға орнына жедел жетіп, қажетті сараптамаларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Мерекенің ерекше бөлімі «Бейбіт күннің батырлары» атты фотокөрме болды. Онда тәртіп сақшыларының күнделікті қызметі, жұмыстан тыс өмірі мен хоббилері бейнеленген суреттер қойылды. Экспозицияға Павлодар қаласы, Екібастұз және аудандық бөлімдерде еңбек ететін мамандардың фотожұмыстары енгізілді. Сонымен қатар, белгілі фотограф Камиль Алаяров пен екібастұздық оператор Ризабектің туындылары да көпшілік назарына ұсынылды.

Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Билялованың айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерін жұртшылыққа жаңа қырынан таныстыру.

– Көп жағдайда адамдар құқық қорғау органдары өкілдерін тек қылмысты ашатын, құқық бұзушыларды ұстайтын маман ретінде қабылдайды. Ал бұл көрме арқылы олардың да қарапайым жандар екенін көрсеткіміз келді. Олар да - біреудің әкесі, бауыры, ұлы. Күнделікті өмірде ерлік жасап, қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтар, – деді Жанна Билялова.

Жанна Билялованың айтуынша, көрмеде жануарларға қамқорлық танытатын, табиғат көріністерін фотоға түсіруді ұнататын қызметкерлердің еңбектері де орын алған. Бұл олардың кәсіби міндеттерінен бөлек шығармашылық қабілеттерін де көпшілікке паш етуге мүмкіндік берді.

Мереке аясында Қазақстанның Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов туралы деректі фильм көрсетілді. Ол Тараз қаласында террорлық қауіптің алдын алу кезінде ерлікпен қаза тауып, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалған.

Кешкісін Ертіс жағалауында концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада полиция қызметкерлері ән орындап, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ олардың ата-аналары да шығармашылық нөмірлермен сахна төріне шығып, мерекелік кештің көркін қыздырды.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар тұрғындардың құқық қорғау саласының жұмысын тереңірек түсінуіне және тәртіп сақшыларының қоғамдағы маңызын жақынырақ тануына ықпал етеді.