Павлодарлық оқушыларға болашақ мамандық таңдауда кеңес берілді
30 колледж, үш жоғарғы оқу орны мен Қарағанды медицина университетінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен «Adviser» оқу орындарының көрмесі Еңбек күніне орай ұйымдастырылды. Былтыр оған 800 түлек қатысты.
– Біз Жастар бастамалар орталығының шақыруымен келдік. Оқушыларға өз университетіміз, жатақханаларымыз және, әрине, дайындап жатқан мамандықтарымыз туралы айтып бердік. 15-тен астам оқушы келіп, қызығушылық танытты,– деді медициналық университеттің өкілі Гүлден Қаршалова.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, көрме колледж түлектері мен 9-11-сынып оқушыларына арналған. Негізгі мақсат – оқу орындарының өкілдерін бір жерде жинап, түлектерге болашақ мамандық таңдауға көмектесу.
– Бұл көрменің пайдасын мұғалімдер байқайды. Көбінесе оқушылар сабақ үстінде келетін екі-үш университет өкілдерін таниды, ал осындай көрмеде бірден бірнеше университет пен колледжбен сөйлесе алады, – деді жастарға қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Жандарбек Қабдраш.
Оқу орындарының көрмесін қыркүйекте өткізеді. Бұл мектеп пен колледж түлектеріне алдын ала мамандықты таңдауға мүмкіндік береді.
– Мен Астанадағы университетке түсемін деп жоспарлаймын. Менің бағытым – химия, биология пәндері. Өмірімді медицинамен байланыстырғым келеді,– деді 11-сынып оқушысы Мариям Байтыбаева.
«Adviser» көрмесі кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Күні бойы оқушыларға Ломов көшесі, 38, Жастар бастамаларын дамыту орталығы мекенжайы бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап беріледі.