Павлодар облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қаупі бағаланды
Полицейлер қауіптің «қызыл деңгейінде» тұрған тұрғындарға қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті полиция бастығының орынбасары Руфат Кенжин 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың желтоқсанына дейін павлодарлықтар сауалнамалар толтырып, ерлі-зайыптылармен қарым-қатынас туралы сұрақтарға жауап бергенін еске салды. Жоба пилоттық болды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері отбасыларды өмірге қауіп төндіретін жасыл, сары және қызыл деңгейлерге бөлді.
– Қызыл деңгейлі санатқа 123 отбасы енді. Бұл отбасылармен белгілі бір жұмыс жүргізілді: қажет болған жағдайда әйелдер дағдарыс орталығына орналастырылды, психологтар олармен жұмыс істеп, ауыр жағдайдан шығарылды. Нәтижесінде 63 әйелден қауіп алынып тасталды. Ал бес әйел зорлық-зомбылық жасаған жұбайларымен ажырасты, – деді Руфат Кенжин.
Оның айтуынша, қалған әйелдер өз отбасыларында қалуды жөн көрген. Олармен зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары үнемі байланыста.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 16 маусымнан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, 200 АЕК-ке дейін немесе қоғамдық жұмыстардың 200 сағатына дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу, ал қайталанған жағдайда екі жылға дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Облыс бойынша жыл басынан бері денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің 12 жағдайы анықталды, тағы жетеуі – ұрып-соғу бойынша.